Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Шаруалар тұқымға субсидия төлеудің тың жүйесі тиімсіз деп санайды

AstanaTV
29.05.2018ж. 20:00
3400
Шаруалар тұқымға субсидия төлеудің тың жүйесі тиімсіз деп санайды

Бірнеше аймақтағы шаруалар тұқымға субсидия төлеудің тың жүйесі тиімсіз деп санайды. Есесене бірыңғай аграрлық салық енгізуді қолдайды. Қазіргі талқыланып жатқан заң жобасы қабылданса, талай шаруаға тиімді болмақ. Әсіресе ай сайын салық төлеуге сабылатын есепші мамандардың жұмысы екі есе жеңілдейді, - дейді диқандар. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де проблемалар туралы алдағы бейнематериалда.

Заңғар Санай, тілші:

Астықты аймақтың диқандары аграрлық салық енгізуді көптен бері көтеріп келеді. Саны көп салық төлейтін  шаруалар үшін - бірыңғай жүйе тиімді. Сондықтан өңір диқандары заң жобасының қабылдануына мүдделі.

Бірыңғай салық түрін енгізуді қолдайтындардың бірі - Александр Бородин. Кәнігі диқан отыз жылдан бері егіншілікпен айналысады. Он мың гектардан астам алқапқа дән сіңіреді. Айтуынша, бірнеше салықтан гөрі жер аумағына сай жылына бір рет салық төлеу қолайлы.

Александр Бородин, «Зуевка» ЖШС директоры:

Қазір салықтың түрлері көп. Оған міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін  қосыңыз. Осының бәрін біріктіріп, бірыңғай әлеуметтік салық түрін енгізсе, өте жақсы болар еді. 

Әзірге аграрлық салықтың қалай салынатыны белгісіз. Қайткенмен өңір диқандары бірыңғай салықтың көлемі қазіргі бірнешеуінен аспауы тиіс деген болжам айтады. Ал,тұқым шаруашылығын субсидиялау туралы шаруалар тарапынан кәсіпкерлер палатасына көптеген ұсыныс түскен. Шаруалардың өтініш-шағымы министрлікке дейін жетті. Алайда ауыл шаруашылық министрлігі аймақ фермерлерінің пікірін елеусіз қалдырып отыр.

Қайыр Айсин, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы бөлім басшысы:

Министрлік тұқым қорын құруды ұсынып отыр. Сол жерде тұқымның бір бөлігі , мәселен 110 келінің 6,6 келісі субсидияланады. Ал, желтоқсанға қарай оның 30 пайызы тұқым қорына қайтарылады. Біздің шаруалар бірінші репродукциялы тұқымды жаппай 100 пайыз субсидиялауды ұсынып отыр.Онда ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер түгел қамтылар еді.

Қостанай диқандары тұқым шаруашылығын субсидиялау туралы тың өзгерістің тиімді боларына күмәнмен қарайды. Жаңа тетік енгізілген жағдайда шағын шаруалар қиналып қалуы мүмкін. Өйткені субсидия егіс алқабының көлеміне қарай беріледі. Азғана алқаптан астық жинайтындар үшін тұқым субсидиясы теңізге тамған тамшыдай болары сөзсіз деп отыр. Ал, Қызылжардағы шаруалардың пікірі қалай екен, Бұл туралы әріптесім айтуға дайын.  Абзал, сөз өзіңде.

Абзал Құрманкин, тілші:

Иә, Заңғар! Солтүстік шаруалары да тұқымға субсидия төлеудің тың жүйесі тиімсіз, дейді. Себебі, ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған жаңа ережеге сәйкес, демеуқаржы төменгі нормалар бойынша есептелмек.

Мағжан Жұмабаев ауданында «Полудинское» серіктестігінің 10 мың гектардай егістік алқабы бар. Жыл сайын 1,5 мың тоннаға жуық тұқым қорын сақтайды. Оны үшінші репродукциядан асырмауға тырысатын көрінеді. Тұқымды ылғи жаңартып отыру үшін жыл сайын элиталық дәннің 45 тоннасы сатып алынады. Оның жарты құнын мемлекет  қолдау қаржы ретінде қайтарып келген. Алайда, жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай тұқым қорының тек 3 пайызы ғана субсидияланбақ.

Эльдар Омаров,  "Полудинское" ЖШС директоры:

Бір гектар жерге тұқымның 140-160 келісі егіледі. Ал мемлекет субсидияны тек 4 келіге ғана бермек. Қалған шығынды өзіміз арқалаймыз. Мен биыл элитаға шамамен 4 миллион теңге жұмсадым. Маған оның тек кішкентай бөлігі ғана қайтады. Одан да субсидиялаудың ескі жүйесін қалдырған жөн еді.

Жақын арада елімізде тұқым шығарумен айналысатын арнайы қор құрылмақ. Субсидияға ие болған шаруашылықтар егінді жиып-теріп болған соң, демеуқаржының үшінші бөлігін аталған мекемеге бөлуге міндетті көрінеді.

Қуандық Шакубаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Орақ науқаны аяқталғаннан кейін шаруалар тұқым үшін бөлінген субсидияның 30 пайызын жаңадан құрылатын арнайы қорға бөледі. Артынша олар элиталы ұрықтан репродукцияларды шығарып, қайтадан шаруашылықтарға беретін болады.

Биыл өңір диқандары 550 мың тонна тұқымды жерге сіңірген. Жалпы, қазақстандық тұқымды шығарумен теріскейде 37 арнайы шаруашылық айналысады. Олар егуге арналған дәннің 56 мың тоннасын өндіреді. Тең жартысы - элиталы сұрып.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жалпы, тұқымды субсидиялауға облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Егер тың ереже әзірге енгізілмесе, онда бұл қаражат жылдың аяғына дейін толық игерілмек. Ал келесі жылы оның көлемі әжептәуір қысқаруы мүмкін. Павлодардағы диқандардың жайы қалай? Бұл туралы әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы айтуға әзір.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Керекулік шаруалар элиталы тұқымды сатып алып, егу тиімдірек,-дейді. Бұл ең алдымен өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, баға да қол жетімді болады.

Картоп өсірумен айналысатын Қайрат Әбішев тұқым алуға кеткен шығынды қайтару мәселесін қолдап отыр. Айтуынша, қалыптасқан жүйені өзгерту арқылы шаруа қожалықтары жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізбек.

Қайрат Әбішев, қожалық иесі:

Ауылшаруашылығы өндірушілері ең алдымен сапаға жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Мысалы, картопты алайық. Сапасы жоғары болса, сәйкесінше бағасы да арзан болады. Сапа мен баға үйлескенде импортпен бәсекелесе аламыз. Шартты түрде бір келі картопты 30, 40, 50 теңгемен саудалаймыз және пайдаға да кенелеміз.  КТМ: Дегенмен, отандық өндірушілер үшін өнімді экспорттау тиімдірек болып тұр. Қайрат Әбішевтің өзі күзгі жиын-терімді елдің батыс өңіріне сататынын айтты. Бұның бірнеше себебі бар. Бастысы - жергілікті жерде картоп бағасы төмен. Бұған нарыққа сырттан келетін өнімді қосыңыз. Анықталғандай, былтыр Павлодарға Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті пәкістандық картоп әкелініп, саудаланған. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Сондықтан  ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жаңа саланы бағындыру маңызды. Мәселен, қайта өңдеу ісі. Кәсіпкердің айтуынша, картоптан қытырлақ, фри және крахмал жасау арқылы шаруалар өнім түрін кеңейтеді. Сөйтіп, нарықта белгілі компаниялармен бәсекелесе алады.

Әсемгүл Мұхитқызы, Заңғар Санай, Абзал Құрманкин