Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Петропавлда бір топ тұрғын бетон зауытының жабылуын талап етуде

AstanaTV
30.05.2018ж. 20:00
2702
Петропавлда бір топ тұрғын бетон зауытының жабылуын талап етуде

Қызылжарда бұқара бетон зауытының жабылуын талап етуде. Базарбаев көшесінің тұрғындары өндіріс ошағынан шыққан шаңнан тұншығып барамыз, деп налиды. Жұрт кәсіпорынның үстінен экология департаментіне шағым түсірген. Тексеріс жұмыстарын қолға алған құзырлы орган бірқатар олқылықтарды анықтағанымен, зауыт жұмысы тоқтамақ емес.

Шаң-тозаңнан көз ашпаймыз деген Оксана Аксенникова күні бойы үй тазалауға мәжбүр. 10 жасар баласы далада ойнаудан қалған. Дәл үйлердің қасынан орын тепкен бетон зауыты 2015 жылы іс қосылған екен. Содан бері тұрғындардан маза қашқан. Үздіксіз жұмыс істейтін өндірістен шыққан шу бір толастамайды дейді.

Нина Михельсон, Петропавл тұрғыны:

Тұрғындардың дені - зейнеткерлер мен мүгедектер. Бізге таза ауада демалғаннан басқа не қажет? Бірақ бетон зауытынан тұншығып отырмыз. Әйнекті ашып жатуға да болмайды. Күресе-күресе шаршадық.

Андрей Крылов, Петропавл тұрғыны:

Бетон таситын жүк көліктер маңайдағы жолдарды бұзып тастады. Шұрық-тесік жолмен жүру мүмкін емес. Зауыт өзінің қалдықтарын ылғи қоршаудың сыртына үйіп отырады. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Бетон қалдықтарының арасында ойнайды.

Әбден қажыған тұрғындар экология департаментіне шағымданған. Ізінше жауапты мекеме тексеру жүргізіп, бірнеше ағаттықты анықтады. Соның бастысы тұрғын үйлер мен зауыттың екі ортасындағы ара-қашықтық техникалық талаптарға қайшы. 

Азамат Бектасов, СҚО Экология департаменті басшысының орынбасары:

Аралары 45 метр болу керек. біздің мамандар тексеріс өткізіп, нәтижесінде ара-қашықтығы 31 метр болып шықты. Біз бүкіл құжаттарды жинап, ауданаралық әкімшілік сотқа материалдарды тапсырдық. Сот жылдың басында үкім шығарды.

Сот зауытты жабу жөнінде шешім шығарған. Алайда, кәсіпорын басшылығы өндірісті тоқтатпаған. Олар апелляциялық сотқа жүгінгенімен, шешім өзгеріссіз қалды. Зауытты ашуға облыстық табиғи ресурстар басқармасы рұқсат берген. Сот процесі барысында олар эпидемиологтардың шешімін негізге алғанын айтады.

Бауыржан Тайгилов, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Эпидемиологтар зауыт маңайындағы ауаның құрамын зерттеп, зиянды заттардың нормадан аспағанын білді. Экология департаменті зауыт пен тұрғын үйлердің ара қашықтығы сақталмады дейді. Бірақ ауаның құрамын зерттеген жоқ.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қос сотта да жеңіліс тапқан бетон зауыты жұмысын уақытша тоқтатқан. Алайда, жұрттың уайымы мұнымен сейілген жоқ. Себебі кәсіпорын жарты жылдың ішінде Жоғарғы сотқа жүгінуге құқылы. Осыны ескерген тұрғындар бұл дау жалғасуы мүмкін дейді. 

А.Құрманкин