$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ауруханада көз жұмған 2 жасар сәбидің анасы дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етеді

AstanaTV
30.05.2018ж. 20:00
2560
Ауруханада көз жұмған 2 жасар сәбидің анасы дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етеді

Қарағандыда ауруханада көз жұмған 2 жасар сәбидің анасы Диана Бекімова дәрігерлердің үстінен «жалған құжат жасау» бабымен қылмыстық іс қозғауды талап етеді. Айтуынша, бүлдіршіннің медициналық картасындағы мәліметтер бұрмаланған. Шарасыз ана дәрігерлер жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды.

2 жасар Айзере Қаһарманова өткен жылы желтоқсанда өткір ішек инфекциясынан көз жұмған. Бронхитпен ауруханада емделген бала үйге шыға салысымен нашарлап қайта оралады. Алайда дәрігерлер құтқара алмаған. Астанада жасалған техникалық сот сараптамасы науқасқа қатысты жасанды құжаттарды анықтады. Яғни дәрігерлер оны емделушілердің есеп кітапшасына тіркемеген. Жеке картасына ауруханада инфекция жұқтырғанын жазғанмен, кейін бүлдіршін қайтыс болған соң өшіріп тастаған. Жасанды құжатты кім толтырғанын тергеу орындары анықтайды. Бұдан бұрын дәрігерлерге қатысты «медицина немесе фармацевтика жұмыскерлерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамауы» бабымен қылмыстық іс қозғалған. 

Диана Бекімова:

Бізге ешқандай дәрігер келген жоқ. Уже қайтыс болғаннан кейін баланың бүкіл данныйларын, 23-і күнгі бастаған, соның бүкілін олар жойып жіберген. Қайтадан бәрін көшіріп жазған. Сол жаңағы Николай деген кісінің үстінен Айзерені жапсыра салған. Бұны жәй қалдыруға болмайды. Біз аяғына дейін барамыз. Керек болса, эксгумацияға дейін барамыз.

«Астана» телеарнасы бүлдіршінге қатысты тергеу амалдарының қалай жүріп жатқанын білу мақсатында облыстық ІІД-не ресми сауал жолдаған. Құзырлы орыннан келген жазбаша жауапта полиция науқас картасындағы ақпараттардың түзетілгенін растады. Алайда «жалған құжат жасау» бабымен іс қозғалмағанын мәлімдеді. Ресми жауапта "бұл сұрақты сот медициналық сараптамасының қорытындысы шыққан соң арнайы комиссия шешеді",- делінген. Ал денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі күдікке ілінген ақ халаттылардың жұмысын жалғастырып жүргенін ауызша хабарлады.