Меңдеген менингококк инфекциясы. Соңғы екі күнде тағы осы дерттен 4 адам көз жұмды. Оның бірі - бүлдіршін. Қайғылы оқиға Қызылорда облысы мен Алматыда тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл 12 адам осы аурудан ажал құшқан. Бірақ министр Елжан Біртанов жағдай қалыпты деп отыр. Алайда дүрліккен жұрт басылар емес. Тіпті бағасы удай болғанына қарамастан, менингитке қарсы вакцина алып жатыр.
Тілшілеріміз байланыста. Алдымен дерттен көз жұмғандардың отбасына барып келген Олжас Нұржақыповқа сөз берсек... Олжас, тыңдап тұрмыз.
Олжас Нұржақып, тілші:
Ия, Оксана, Алматыда демалыс күндері 3 адам менингококк инфекциясынан көз жұмды. Бес жастағы бүлдіршін және оны балабақшаға апарып жүрген 19 жастағы бойжеткен, енді бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші. Үшеуін де ауруханаға жеткізгенімен, ақ халаттылар құтқарып қала алмаған.
Аида Ахметова - 5 жастағы бүлдіршінінен көз жазып қалған ана. Ал 19 жастағы бойжеткен болашақ келініміз еді,- дейді ол. Алматыдағы балабақшалардың біріне інісінің сөз байласқан қызы баланы апарып, алып келіп жүрген еді деп еске алады. Ал баланың ата-анасы қала маңына үй салмаққа уақытша қоныс аударыпты. Анасының айтуынша, бала ауырған күні қала сыртында болған. Жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына апара алмайтындарын айтыпты. Сондықтан қаладағы үйлеріне жеткізіп, дәрігер шақыртыпты.
Аида Ахметова, Дінмұхамедтің анасы:
Сен мені есіктің түбінде күтіп тұрасың ғой, мама, есіктің алдында күтіп тұршы деп, кіріп кеткен. Есіктің түбінде сағат 4-ке дейін күттім. Өліп қалғаннан кейін де күттім. Қайтадан тіріледі, келеді деп, келмеді. Өмір бақи ойлайтынмын менингит басқа, суық тиіп ауырған деп.
Осылайша ұлынан айырылған ана іле-шала болашақ келінінің де осы ауруды жұқтырғанын естіген. Дереу қоңырау шалғанында Талғардан Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетіп бара жатқандығын біледі. Бірақ бойжеткенді де аман алып қалу мүмкін болмаған.
Дәл сол 3-ші маусым күні мегаполисте тағы бір жағдай тіркелді. Бұл жолы 27 жастағы жігіттің бойында тұмаумен басталған індет, қоздырғыш вирустың түсуімен өмірін қысқартқан. Өрт сөндіруші қызметіндегі азаматтың ауруына байланысты жергілікті ақ халаттылар ақпарат беруге асығар емес. Ал, Қызылорда облысында осы инфекциямен аурухана түскен азамат та көз жұмды. Дегенмен аймақта жағдай қалыпты дейді дәрігерлер.
Жақсылық Әбдусаметов, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Облыстағы жағдай қанағаттанарлық деп айтуға болады. Егу жұмыстары ақылы түрде ұйымдастырылатын болады. Қазіргі таңда алпыс қалалық емхананың базасында бұл жұмыс қолға алынуда. Қазіргі таңда емдеу ұйымдарына сұраныс білдіріп келіп жатқан тұрғындар тіркелген жоқ.
Дегенмен жағдай жұртты алаңдатып отыр. Алматылықтар, ақылы болса да, ақшасына қарамай, вакцина алуға жаппай ағылуда. Қаладағы жеке емханалардың бірінің жетекшісі Роза Исмұратованың сөзінше, күніне 70 адам екпе алуға келеді.
Роза Исмұратова, жеке емханасының жетекшісі:
Бүгінге дейін екі емханада 500-ден аса азаматқа екпе жасалды. Әлі де жаппай ағылып жатқандар көп. Себебі адамдар ауруға қатты алаңдаушылық танытып жатыр. Негізінен бұған дейін бізде шетелге шығарда осы екпе міндетті түрде жасалатын. Қазір 1500 дәрілік доза келді. Әлі қорда мыңға жуық екпе дәрі бар.
Олжас Нұржақып, тілші:
Алматыда ақылы екпенің құны 22 мың теңге. Астанада оның бағасы жоғарылаған көрінеді. Дәуренбек, екпе жұрт арасында дүрбелең туған соң қымбаттап кеткен бе?
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Қайырлы кеш! Ия, Олжас, Астанада бір адамға вакцина жасау, жасына қарамастан, 28 мың теңге тұрады. Алматымен салыстырғанда 6 мың теңгеге қымбат. Мұны мамандар тасымалдау мен қосымша тексеріс жасауға жұмсалатын шығынмен байланыстырып отыр. Қазір мына емханада дамыл жоқ. Сондықтан мамандар сенбі күні де екпе егуге көшкен. Соңғы бір апта ішінде шамамен 55 адамға вакцина жасалған.
Наталья Шевченко, жеке емхана директоры:
Әрине, егілгендердің көбі балалар. Өткен аптаның соңынан бастап қана егу жұмыстарын жүргізсек те, телефонға да, келушілерде де дамыл жоқ. Қазір күніне 10-15 адам вакцина қабылдап жатыр. Келушілер көлеміне қарай дәріге тапсырыс беріп, арнайы компаниялар арқылы алып отырмыз. Мұнда еш қиындық жоқ.
Бұл дертке қарсы тегін вакцина екпе егу ұлттық күнтізбесіне енгізілмеген. Оны қосу жоспарда да жоқ. Өйткені қажеттілік жоқ. Менингитке қарсы жаппай вакцина егу тиімсіз әрі үкімет үшін тым қымбатқа түсетін шара. Брифингте министр осылай деді. Мұндай қадамға бару үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандартқа сай, аптасына 100 мың адамның 2 мыңға жуығы дерт жұқырған болуы тиіс. Ал, біздегі жағдай қалыпты деді министр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Карантин қазір бастауға еш қажет жоқ, пайда болмайды. Себебі қазір ауырып жатқан науқастар саны өте төмен. Вакцина туралы, мен өзім салған жоқпын, балаларыма да салған жоқ. Жалпы халыққа жеткізіп жатқан ақпарат, өз-өзі денсаулығына қарап, алдын алу шараларын жасаса, бұл жеткілікті.
2013-ші жылы 117 ауру тіркеліп, 18 адам көз жұмса, 2014-ші жылы 119 сырқаттың 15-і ажал құшқан. Ал, 2015-ші жылы ең көбі 424 менингит ауыруын жұқтырған адам тіркелсе, оның 21-і көз жұмыпты. 2016-шы жылы 120 жағдайдың 7-сі өліммен аяқталған, 2017-ші жылы ауру жұқтырған 162 адамның 11-і бақилық болыпты. Биыл 12 адам ажал құшып отыр. Қазір ауру жұқтырған 7 адам жансақтау бөлімінде жатқан көрінеді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
58 науқастың 18-і - 14 жасқа дейінгі бала. Жалпы жыл басынан 58 науқастың 12-сі өлім жағдай болды. Оның бесі, өкінішке орай, 14 жасқа дейінгі балалар арасында.
Министр қайтыс болған 3 адамның ораза тұтқанын айтады. Сондықтан ауру белгілері анықталса, дәрігерге қаралып, қарызын кейін өтеуге кеңес берді. Ауру көп тараған Алматыда жазғы лагерлер кейінге шегерілмек. Министрлік жергілікті билікке осындай ұсыныс жолдаған.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Тұрғындар дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, алақанға бөртпелер шықса, дереу дәрігерге қаралуы тиіс. Кейін кеш болып қалуы мүмкін. Ауру тез дендейтін болғандықтан, министр үйде өздігімен емделуге болмайтынын ескертті.