Тобыл өңірінде 94 жастағы қария сот арқылы үй кезегіне тұруға мәжбүр болды. Қалалық бөлім Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Евтушенконы екі жыл қатарынан тізімге қоспай қойған. 2 жыл бұрын қалаға қоныс аударған қарт жауынгер тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне барып үй кезегіне тұруға арыз жазған. Алайда ардагер тегін берілетін баспана тізіміне ілікпеген көрінеді. Ұлы Отан соғысы және ішкі істер министрлігінің ардагері былтыр қалалық сотқа жүгінеді. Судья Андрей Евтушенконың талап-арызын қанағаттандырып, оны кезекке қою туралы қаулы шығарған. Бірақ қалалық бөлім биыл тағы да қарияның арызын қабылдамай қойыпты.
Валентина Иванова, ҰОС ардагерінің қызы:
Кезекке тұрудың өзі қиын екенін көргенде әкем қатты қиналып кетті. Ол соғыс ардагерлеріне осындай немқұрайлы қарым-қатынас болады деп ойламаған болар. Ал отан үшін от кешкен жандарға мемлекеттік органдардың немқұрайлы қарауы үлкен қасірет емес пе?
Денсаулығына байланысты ардагер сотқа келе алмады. Оның сенімді өкілі ретінде қызы қатысты. Судья қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты жеке ұйғарым шығарып, 10 күннің ішінде қарияны кезекке қоюға міндеттеді.
Мұрат Адам, Қостанай қалалық сотының судьясы:
«Тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық және жолаушылар тасымалы мен автокөлік жолдары» бөлімінің әрекетін
заңсыз деп танып, талапкер Евтушенконы 10 күннің ішінде мемлекеттік тұрғын үй
қорынан жеңілдікпен баспана алу кезегіне тұрғызуға міндеттелсін!