$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында 200-ге жуық жұмысшы жалақы ала алмай жүр

AstanaTV
05.06.2018ж. 20:00
3551
Алматы облысында 200-ге жуық жұмысшы жалақы ала алмай жүр

Алматы облысында еңбек дауы. Ауылда мектеп салған 200-дей құрылысшы 7 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Мектеп пайдалануға берілген. Алайда жұмысшылар серіктестік құрғақ уәдемен уақыт созып, еңбекақымызды бермей отыр дейді. Шыдамы таусылған құрылысшылар Алматы облысының прокуратурасы мен еңбек инспекциясына шағым жазыпты. Әріптесім Ришат Асқарбекұлының репортажы. 

Алматы облысы «Көлащы» ауылындағы мына мектеп былтыр қараша айында ресми түрде ашылған. Он екі бригадаға бөлінген 200 жұмысшы нысанды бітіру үшін күн-түн демей жұмыс істегендерін айтты. Бірақ мектептің әрлеу жұмыстарын жүргізген «Бекжанқұрылыс» компаниясы жалақымызды бермеді деп отыр.

Біз айына 3-4 рет келеміз осы жерге. Ақымызды сұрайық деп, мектеп тапсырылғалы қашан?! Мектеп істеп тұр, сегіз ай болды. 

Азамат Мұртазаев, жұмысшы:

Ноябрьдің 7-сі күні нысанды тапсырып кетіп қалдық. Бізден кейін малярлар бар, кафельщиктер бар. Олар декабрдің 28-інде қабылданды. Қарасай ауданы акиматына да бардық. Көмектесеміз деді, олардан да көмек жоқ.

Тұрсынболат Оралов, жұмысшы:

Мен отоплениені тапсырып қойғанмын, уақытында маған уәде берді. Ақшамен жұмысыңыз болмасын, істей беріңіз, тауып беремін деді. Генподрядчиктер де келіп сөйтті. Жүгіріп жүрмін, ақшамды төлеп берсін. Мен 15 адам апарым істеткен едім, бригадир болып.

Құрылыс серіктестігі 34 млн қаражаттың берілмей отыруын қаржылық қиындықтармен түсіндірген. Жұмысшылар облыстық прокуратура мен еңбекті қорғау инспекциясына шағымданған. Бірақ кәсіпорын мен құрылыс бригадаларының арасында еңбек келісім-шарты жасалмағандықтан, еңбек инспекциясы шара қолдана алмайтындарын айтты.

Бауыржан Жұрынов, Алматы облысы мемлекеттік еңбек инспекторы:

Біз нақты қандай да бір шара қолдана алмаймыз. Бұл кісілерге сотқа шығыңыздар деп жауап бергенбіз. Себебі, азаматтық-құқықтық байланыстар тек қана сотпен шешіледі.

«Бекжанқұрылыс» компаниясының басшысы 200-ге жуық адамның жұмыс істегенін жоққа шығармайды. Директор жалақының кешігуіне құрылысқа тапсырыс берген бас мердігер қаражатты толық бермеді деп отыр. Бірақ осыған қарамастан құрылыс компаниясының өкілі Талдықорған қаласында, Іле ауданындағы «Ынтымақ» ауылында биыл да мектеп салып жатқанын айтты.

Сәтжан Пірәлиев, «Бекжанқұрылыс» ЖШС директоры:

Өзіміз ақшамызды ала алмай жатырмыз қазір. Бас мердігерлерден. Біз өзіміз шешеміз, сосын береміз жалақыларын. Осы айдың аяғына жоспарлап отырмыз. Қалғанын июннің аяғына дайін тауып береміз. Ораза біткенше құтыламыз ақшасынан.

Жұмысшылар жалақы болып қалар деген үмітпен күн сайын құрылыс компаниясының кеңсесіне барады. Құрылыс мекемесінің жалақаны төлейміз деген кепіл хаты бар. Егер еңбекақы маусым айының соңына дейін берілмесе, құрылысшылар сотқа арыз жазбақ.

Ришат Асқарбекұлы