Қызылжар өңірінде өткен ғасырда пайдаланылған уран шахталары қараусыз жатыр. Кен орындары 2000 жылы жабылған. Алайда, күні бүгін қауіпті аймақта не қоршау, не арнайы белгілер атымен жоқ. Сол маңдағы тұрғындар шахталарды тонап жатыр. Аймақтағы тілшіміз оқиға орнында болып, жағдайды жіті саралады. Абзал, тұрғындар радиациядан қорықпай ма екен?
Абзал Құрманкин, тілші:
Иа, Оксана, шахталарға ұрылардың түсіп жатқаны мұнда құпия емес. Кірпіш, бетон, металл сынды материалдарды көбінесе маңайдағы тұрғындар кәдеге жаратып жатыр. Жұрт олардың радиоактивті екенін біле тұра, зат тасуды тыяр емес.
Алайда бұқара мұнда тек құрылыс материалдары үшін ғана емес, жидек теруге де келеді деді. Ал кейбірі тіпті малын да бағатын көрінеді.
Людмила Гузенка, Новоукраинка ауылының тұрғыны:
Кімнің қолына не ілікті, соны жымқырып отырды. Металлдың барлығын тасып, тапсырып тастады. Қазір онда ұрлайтын нәрсе де қалмады.
Бұл аймақта 5 уран шахтасы бар. Оның барлығы гамма сәулелерін бөледі. Кеңес Одағы кезінде қолданыста болған стратегиялық нысандарда радиация барын экологтар да растап отыр.
Азамат Бектасов, СҚО экология департаменті басшысының орынбасары:
Шахталарда мониторинг жүргізу департаменттің
жоспарлы жұмысына енеді. Біз гамма сәулелерін тексереміз. Оның орташа
көрсеткіші - сағатына 0,33 миллиЗиверт. Бірақ, Грачевский кен орнында оның
көлемі 0,4 миллиЗивертті көрсетті. Яғни қалыпты нормадан 1,3 есе асқан.
Абзал Құрманкин, тілші:
Радиацияның тұрғындар денсаулығына қандай зияны бар? Аталған шахталар неге иесіз жатыр? Қожайынын анықтауға тырыстым. Оны ертең "Біздің Уақыт" апталық-сараптамалық бағдарламасында толығырақ айтатын боламын.
Сауалдар өзекті, сондықтан тілшіміз Абзал Құрманкиннің материалын ертең 20.00-де өткізіп алмаңыздар.