Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қаржы министрлігінде жемқорлық фактілері азаймай отыр

AstanaTV
14.06.2018ж. 20:00
2658
Қаржы министрлігінде жемқорлық фактілері азаймай отыр

Қаржы министрлігінде бармаққа басу фактілері азаймай отыр. 2017 жылы министрліктің 75 қызметкеріне қатысты 70 сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізілді. Ақыры 46 іс қозғалған.  Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Республикалық кеңесте қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. "Нұр Отан" партиясының мүшелері мамыр, маусым айларында арнайы екі жұмыс тобын құрып Жамбыл облысы мен Алматы қаласына барып, талдау жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп Қаржы министрлігінің өңірлік мекемелерінде біраз былықтың беті ашылған. Ал министр Бақыт Сұлтанов Мемлекеттік кірістер және Ішкі мемлекеттік аудит комитеттерінде сыбайлас жемқорлық азаймай отырғанын мойындады.

2017 жылы мемлекеттік кірістер комитетінің 65 қызметкеріне қатысты 63 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 46 іс қозғалды. Бұл 73 пайыз. Мемлекеттік аудит комитетінің 8 қызметкеріне 6 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Мемлекеттік мүлік пен қазынашылық комитеттерінде бір бірден сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. 

Партия кеңесінде сыбайлас жемқорлық Қаржы министрлігіне қарасты кеден мен салық органдары және олардың аумақтық бөлімшелерінде тыйылмай отырғаны айтылды. Заңды аттаған шенеуніктер жауапқа да тартылып жатыр. 2017 жылы сот үкімімен министрліктің 78 экс-қызметкері жазаланған. 74 адам тәртіптік жазаға тартылып, алты адамның қызметі төмендетілген.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі:

Статистиканы қарайтын болсақ, біраз кемшіліктер бар. Сыбайластыққа қатысты біраз қылмыстық істер қозғалып, біраз қызметкерлер сотталып жатыр. Жалпы айтқанда бұл мәселе өте күрделі және әлі азаймай жатыр. Сондықтан бүгінгі жиында Қаржы министрлігіне осы барлық кемшіліктер нақты айтылып, келешек болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдану керек.