Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Бюджет қаражатының тиімді игерілмей жатқанына дұрыс есептей алмайтын бухгалтерлер кінәлі

AstanaTV
15.06.2018ж. 20:00
4042
Бюджет қаражатының тиімді игерілмей жатқанына дұрыс есептей алмайтын  бухгалтерлер кінәлі

Бюджет қаражатының тиімді игерілмей жатқанына дұрыс есептей алмайтын бухгалтерлер кінәлі. 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралған Парламент қос палатасының бірлескен отырысында Үкімет басшысы осылай деді. Ал Есеп комитетінің есебінше, былтыр сапасыз әкімшілендіру салдарынан республикалық бюджетке 6,5 млрд теңге түспей қалған. Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысына Айгүл Әдепбай қатысып қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Судың да сұрауы бар. 2016 жылы 268 млрд теңге тиімсіз игерілсе, өткен жылы 508 млрд теңге мақсатты жұмсалмаған. Депутатардың Үкімет мүшелеріне қойған сұрақтарының негізі тағы да бюджет теңгелерінің тиімсіз қолданылуы төңірегінде болды.

Жылдағы әуен биыл да шырқалды. Сапасыз жоспарлау, уақытылы игермеу, жүйеліліктің жоқтығы. Республикалық бюджетті жүзеге асырудағы бадырайып тұратын кемшіліктердің бірнешеуі ғана бұлар. Депутаттар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендегенін де айтты. Халықтың нақты табыс индексі 2017 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға азайған. Ал нақты еңбекақы 1,2 пайызға қысқарған. 

Сапа бағасын және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің әдістемесі мен өлшемі әлі жасалмаған. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық каптиалын ұлғайтуға бөлінген қаржыларды ұтымсыз пайдалану мен мемлекет активтерін тиімсіз басқару жалғасуда.

Мұнымен қоймай, Үкімет бір қабылданып мақұлданған бюджетке 2017 жылы 25 рет өзгеріс енгізгеніне наразы парламенттегілер.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бір жыл ішінде ресупбликалық бюджеттің параметрлерін 3 рет нақтылауға ұсынады. Бұның сыртында Үкімет өз құзырында бір жыл ішінде бюджетке 20-дан сатам түзету енгізу тәжірибесін қолданып жүр.

Депутаттарды сырты қарыз көлемі де алаңдатты. Қарызды алуын аламыз, ал іске асырған кезде олар керек болмай қалады, - деп сынады халық қалаулылары.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Министрлік өкілдері жаңа сыртқы қарыздарды ратификациялау жөніндегі заң жобаларын Парламентте қорғай отырып, оларды қалай да алуға асығады. Бірақ бүгінгі күні осы қарыздар көп жағдайда игерілмей жатыр. 1995 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 844 млн АҚШ долларын құраған 33 сыртқы қарызға қол қойылды. Олардың бесеуі 2014 жылдан бері бүгінге дейін аяқталмаған және оларды іске асыру не бары 7 пайызды құрады.

Сыртқы қарыз соңғы 5 жылда 5,8 есеге өскен. 2013 жылмен салыстырғанда  тек мемлекеттік басқару органдарының сыртқы қарыздары 12,1 млрд АҚШ долларын құрап отырғанын айтты депутаттар.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жалпы борыштың негізгі бөлігін банктер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес субъектілерінің қарыздары құрайды. Олардың көлемі 157 млрд АҚШ долларынан асады. Яғни барлық қарыздың 92 пайызы. Оның ішінде 104 млрд доллары фирмааралық қарыз екенін айту керек.

Дегенмен 4 сағатқа жуық талқылап, кемшіліктерді көзге түртсе де, сөз соңында Парламент 2017 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен есеп комитетінің есебін мақұлдады бір ауыздан. Жыл сайын жыр болған игерілмеу тақырыбынан депутаттар да шаршамаған  сияқты.

Неге шаршаймыз? Мен түсінбеймін сізді, шаршайды деген сөз бола ма. Ел үшін жұмыс істеп жатқан жоқпыз ба бәріміз?

Ал бюджеттің бүйірінен бөлінген теңгелердің тиімді игерілмей жатқанына есепке аса жүйрік емес есепшілер кінәлі болып шықты. Мемлекеттік аудит туралы қабылданған заң бәрін реттейді, деп сенеді Үкімет. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Осы жерде айтылған сандарға тоқталсақ, 508 млрд теңге деген, әрине, тиімді игерілмеген сома, екі есе көп 2016 жылғыдан. Бірақ бұл бұзушылықтардың 80 пайыздан астамы техникалық бұзушылықтар. Яғни бухгалтерлердің техникалық қателіктерінен болды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

"Бюджет теңгелері неге тиімді игерілмей жатыр" деген жауыр болған сұраққа Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев "бәріміз бірге отырып, бюджетті тиімді игерудің әдістемесін жасап шығарайық" деген ұсыныспен жауап берді. Сонда жыл сайын жоспар орындалмай, қыруар қаржы жұмсалмай қалса да, оны тиімді етудің әдістемесі болмаған ба деген сұрақ туындайды. 

Айгүл Әдепбай