Астанадағы 21 проблемалы тұрғын үйдің құрылысы "Нұрлы жер" бағдардарламасы аясында салынуы мүмкін. Қазір мұны Астана әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы қарастырып жатыр. Ол үшін бюджеттен несие түрінде 40 миллиард теңге бөлінбек.
Былтыр құрылыс нысандарының жәрмеңкесі арқылы 4 тұрғын үйге инвестор табылған. Бұған дейін елордада 52 проблемалы үй болса, бүгінде оның саны 35-ке азайған. Осылайша, Астанадағы 14 мыңнан астам үлескердің 2 жарым мыңы баспаналарына қол жеткізген.
Дәулет Досқұлов, Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Үлескерлердің мәселесін шешудің үш жолы бар. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы несие беріп, құрылысты аяқтау. Екіншіден, инвесторлар тарту арқылы, үшіншіден, олар тұрғын үй құрылыс кооперативін құрып, өздігінен нысан құрылыстарын аяқтап жатыр.
Өткен жылы 9 қылмыстық іс қаралып, құрылысты аяқтамаған 20 құрылысшы сотталды. Тұрғын үй құрылысына үлескерлік туралы шартын жасауға әрекет еткен үшін 7 ірі құрылыс компаниясына 4 млн теңге айыппұл салынған. Құқыққорғау органдары тағы да қаржы пирамидасы секілді компаниялар пайда болғанын хабарлады. Сондай-ақ, олардың әрекеті заңсыз екенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Қазір бірқатарына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлар ең бастысы, пәтер іздеушілердің арзан баға ұсынғандарға ұрынып қалмуын ескертеді.
Қуанышбек Мұқаш, Астана қалалық прокурорының көмекшісі:
Азаматтар заң бойынша үлескерлер қаражатын тартудың тек 3 жолы бар екенін білуі тиіс. Құрылыс компаниясының қолында тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігі болуы керек. Жобаға екінші деңгейлі банктер қатысуы шарт. Және үйдің қаспеті болуы тиіс. Соңғы екеуіне Астана қалалық әкімдігінің рұқсаты болуы тиіс.