Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Түркістан облыс орталығына айналса, шаһардың даму перспективасы зор!

AstanaTV
16.06.2018ж. 20:00
3890
Түркістан облыс орталығына айналса, шаһардың даму перспективасы зор!

Облыс орталығына айналып, халқының саны 400 мыңға дейін көбейеді деп отырған Түркістанның әрине, дәл қазір дап-дайын еместігі белгілі. Екі топқа бөлсек: басты түйткілдер не? Жол, ыстық су, кәріз жүйесі қандай деңгейде? (Инфрақұрылымы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы). Облыс орталығы болса, жұрт лап қоятыны белгілі, сондай көшке «шыдас» бере ала ма? Екінші қыры: потенциалы. Не береді? Рухани жағы түсінікті. Экономикаға мультипликативті әсері қандай болады? Нені көтереді? Көгілдір отынның болмауы сияқты қордаланған проблемалардың көбесі сөгіледі деп сенетін Түркістанның үміті мол жұртымен жүздесіп қайтқан Айзада Төребекқызының репортажы. 

Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістан Шымкенттен 160 шақырым қашықтықта жатқан көне шаһар. Халық саны - 262 500. Түркістанның өз басында 162 мыңдай  адам тұрады. Халқының негізгі күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Бюджеттің 40 пайызы осы салаға тәуелді. Соңғы жылдары шаһарда өндіріс те қарқын алып келеді. Бұдан бөлек, сауда-саттық жақсы дамыған. Түлеп келе жатқан саланың тағы бірі - туризм. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістанның басты символы ол әлбетте Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 12-14 ғасырларға тиесілі сәулет ғимаратын көруге ынтыққандардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр мұнда 1,5 млн-ға жуық адам зиярат етіп келсе, соның 44 мыңы шетелдік турист. Жыл басынан бері 500 мың адам мұнда арнайы ат басын бұрған. Соның 20 мыңы алыс-жақын шетелдерден келіпті.

Ал бұл Түркістанның  - орталық базары. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһарда күні – түні сауда бір тынбайды. Осы төңіректегілерді айтпағанда әрісі Атырау, Ақтөбе, берісі Қызылорда жұрты арнайы келіп, базарлап қайтатын жер бұл. Киім-кешек, азық-түлік, көкөніске дейін осыннан әкетеді.

Шынтемір Жүсіпұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

Ең арзан бағадағы тауарлар осы Түркістанда. Ол көкөніс болсын, ол мал өнімдері болсын барлығы осыдан алып біздің Қызылорда, Ақтөбе, Жезқазған, Атырау, Ақтауға апарып жатыр, міне Түркістанның шапағаты.

Шынтемір Жүсіпұлының кіндік қаны осы киелі шаһарда тамған. Отыз жыл ауыл шаруашылығында тер төккен ақсақал құрылыс саласында да жұмыс істеген. Түркістан көз алдымда түрленіп келеді деген қарт тұрғынды толғандыратын мәселе де аз емес.

Шынтемір Жүсіпұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

Тұрғын ретінде толғандыратын мәселенің бірі, біздің қаламыз қазір халық өсіп жатыр, жан жақтан келіп жатыр. Түркістан тоғыз жолдың торабы. Мұнда халықаралық көлік дәлізі де бар, темір жол да бар, автокөлік жолдары да бар. Сондықтан бұны енді жақсы жағынан кеңейту, қаланы көркейту жақсы жағына, көбірек құрылыс салу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету.

Көне шаһар халқының дені жер үйге жайғасқан. Көп қабатты үй жүзден сәл-ақ асады. Олардың өзі өткен ғасырда салынған ескі. Ал кәріз жүйесі, ыстық су жоқтың қасы.

Орталықтандырылған кәріз жүйесі небәрі  -11,4 %

2019 жылы оны 30 % -ға жеткізу межеленіп отыр.

Ауыз сумен қамтылғаны - 90 % . Мәселе алдағы үш жылда толық шешілмек. Табиғи газ - 16 % .

Түркістан облыс орталығына айналса, елдің лап қоятыны аян, ал шаһар сол нөпірді қабылдауға дайын ба? Тұрғындар бұл жаңалықты қалай қабылдады? Оларды не толғандырады?

Шахла Ахмедова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Мен мұғалім болып жұмыс істеймін. Түркістан  қала болуға негізі қарсы емеспіз.. бірақ сол экологияға қосылатын ақшамыз жоқ болып кете ме, деген уайымымыз бар ғой енді.

Сәрсенбай Байсейіт, Түркістан қаласының тұрғыны:

Проблема сол газ жоқ. Газ болса әйтеуір сондай нәрселер шешіле ме, деген үміттеміз ғой. Негізгі тіршілігі көбісі базар ғой бұл жақтың енді, базармен айналысады, әркім қолынан келген тірлігімен айналысып жатыр ғой.

-Мысалы, өзіңіздің балаларыңыздың жұмыс табуы қалай?

-Сәл қиындау болып жатыр ғой...

Шахла Ахмедова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Оқу бітірген балалар жұмыссыз жүр қазір, жан –жаққа, қалаларға стройкаларға кетіп жатыр. Облыс орталығы болған жағдайда, жұмыс көбейетін шығар деген үмітіміз бар енді.

Айжан Шекерова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Өзім бірінші қуанып жатырмын. Өйткені біздің балалар сыртта жұмыс істейтін еді. Енді облыс орталығы болады дегеннен кейін біз ешқайда кетпейміз, осы жерде қаламыз деп отырмын. Көшемін деп ойлап жүр едім, оның бәрін тоқтаттым.

Түркістан қаласының 2011 жылы бекітілген бас жоспары енді қайта әзірленеді. Қазір қаланың  кескін-келбетінің тұжырымдамасын жасау үшін Астана мен Алматыдан, тіпті шетелдерден архитекторлар келгенін айтады, қала әкімі.

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласының әкімі:

Егер облыс орталығы ертең болып жатқан жағдайда 2020 жылға қарай Түркістан облыс орталығы ретінде құрылыстарының бәрі салынып бітуі керек. Әрине, қазір ол жақтан шұғыл түрде көшіп келетін болса, оның бәрін бірдей қабылдауға мүмкіндік жоқ. Бірақ бізде кәсіпкерлік нысандар жеткілікті. Уақытша сол нысандарды жалға алып, соларда отырып, әрі қарап жұмысты уақытша жалғастыруға болады.

Жаңа жоспарға сәйкес шаһар солтүстік, оңтүстік- шығыс бағытына қарай созылмақ. Ең бастысы - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің келбеті жабылып қалмауы қажет.

Жұмахан Ерубаев, Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бұл жерде қазір енді бірінші кезеңде әкімшілік іскерлік орталығын орналастыру жаңа қала тұрғыда, ол жақта Қ.А.Ясауи кесенесіне ешқандай кедергі келтірмеу, оның көріністерін жауып қалмау мақсатын болашақта басқа да талаптардың барлығын орындап жоспарлар жасалынады.

Қаланың жалпы аумағы 19 мың 627 гектарды құрайды. Жаңаша түрленген жағдайда Түркістанның жер көлемі 35 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.

Жұмахан Ерубаев, Түркістан қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бас жоспар бойынша 19 мың гектардың ішінен 9 мыңдай гектары әлі игерілген жоқ, бос жатқан жерлер. Қаланың әкімшілік іскерлік жағында ол жерде тек қана әкімшіліктің ғимараты ғана емес, ол жерде көпқабатты үйлер де жоспарланатын болады.

Көне шаһар облыс орталығына айналады екен деген әңгіме шыққалы Түркістанда жылжымайтын мүліктің нарқы аспандап кетіпті. Көпшілік сатуға шығарған жерлерін пұлдаудан бас тартса, кейбірі көрсеткен бағасын өсіріп жіберген. Жергілікті риэлторлардың ақпарынша, баға сәуірдің соңы мен мамырдың басында бірден көтеріліп кеткен. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын Гүлнара Мұртазаеваның ауызша берген мәліметінше, бағасы аспандап кеткен жаңа әкімшілік - іскерлік орталығы салынатын аумақтағы жер телімдері мен үйлердің бағасы.

10 сотық жердің құны  – 3- 3,5 млн теңге. Бұған дейін 2,5 млн теңге сұрап тұрған.

10 сотық жері бар 2 бөлмелі шағын үй 4,5 млн теңге.

Бұған дейін 3 млн теңгеге өтпей келіпті. Коммерциялық нысандардың құны да 30-40 процентті қосып үлгерген.

Жердің нарқы шамамен екі есе өсіп отыр. Тұрғын үйлер мен жалдамалы пәтер ақысында да едәуір өзгеріс бар.

Жалпы, Түркістанның облыс орталығы болуын көпшілік қолдап отыр. Қазақ үшін бұл өте маңызды бастама. Осылай деген мемлекет және қоғам қайраткері Бақыт Оспанов тарихи қаланының жол, су, газ, электр жарығы секілді  проблемаларымен  бірге темір жол, әуе қатынасы секілді маңызды мәселелерді қатар шешу қажеттігін айтты.

Бақыт Оспанов, қоғам қайраткері:

Қаланың орталығын жасағаннан кейін ол жерге келетін де, құмартатын да сырттан ағайындар көп болады. Бірақ соларға жағдай жасау үшін, олардың барлығын қабылдап, қарсы алу керек және ондай дүниеге әрине, үкімет тарапынан үлкен қаражат бөлінуі тиіс.

Сонымен шаһар «Отырар» шағын ауданы аумағына қарай дамиды. Мұнда алдағы күзден бастап құрылыс жанданады. Әзірге бөлінетін қаржы көлемі айтылмай отыр.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біріншіден, Түркістан ол жәй ғана облыс орталығы болып дамымайды. Түркістан республикалық маңызы бар қала болып дамиды. Ал енді ол қаржы біржақты жұмсалмайды, ол жұмсалған қаржы кейіннен қайтадан қайтады. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндіріс дамиды. Сондықтан да бұл көшудің ар жағында жан -жақты үлкен өрлеу бар, әлеуметтік – экономикалық жағынан, мәдени жағынан, қай жағынан болса да үлкен даму болады.

Әзірге өзге жұрт киелі шаһарды ЮНЕСКО қорғауындағы кесенесі үшін танығысы келсе, өзіміз де тек терең тарихына табынамыз. Ал Түркістан  болашақтың да қаласы болуы шарт. Мәңгілік ел дегеннің бір көрінісі сол.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас  «Біздің уақыт».