Бұрынғы классикалық үлгідегі кітапханаларға жастардың аса ынтызар еместігі белгілі. Сондықтан кейбірі икемделе бастады. Қазіргі заман кітапханаларында үстелде отырып ғана емес, диванға жантайып та оқуға болады. Яғни кеңістікті өзгерту арқылы білім беру құрылымын қайта қарау. Тіпті ата-ананың баламен қарым-қатынасы, тәрбие құралдары, тағы басқа, жақсылап екшеу керектігі айқын көрінген актуальді мәселелерді талқылап, білікті маман кеңес беретін ағарту бұрыштарын ашуға болады, бәлкім? Алматыда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы сондай «жаңғырудан» өтті – кітапханаға кіргеннен ерекше орындықтары, сапалы жарығы мен дизайны баурап алады. Тіпті, кітаптардың орналасуының өзі айрықша. Елең еткізетін кітапхана, «осындай байланып қалдым» деген оқырмандары жайлы Олжас Нұржақып.
Мектеп оқушысы Нұрайдың кітапқа деген қызығушылығы 6-шы сыныпта басталған. -Ол кезде әдеби шығармаларға көп көңіл бөлетінмін. Бірақ 8-ші сыныпты тәмамдағаннан кейін арнайы сала бойынша білімімді жетілдіруге бет бұрдым. Мұндай қадамға дәрігер болу арманы жетеледі, дейді ол.
Нұрай Жаппарбергенова, 148 мектеп-гимназиясының оқушысы:
Мен дәрігер болғым келеді. Өтіп кеткеннен кейін көбісі бұл пәнге қарамайды. Бірақ бұл жерде тек қана ғылыми мәліметпен айтылмайды, психологиялық та, басқа да көптеген мәліметтер алынған. Әрі жан-жақты. Сол себепті қазір маған волеология қызық. Кей кезде азанда келіп өзіме мына жерден қызық кітап тауып оқыған жерімді байқамай қаламын, жанымдағы адамдарды да көрмеймін. Тамақ ішуді ұмытып кетемін кей сәтте.
Арманының жетегінде кітапхана сенімді серігіне айналғанын Нұрай байқамай да қалған. Жиі бас сұғатын жері - жаңғырудан өткен жасөспірімдер кітапханасы. Өйткені мұнда ғылыми еңбектер мол, сонымен бірге жайлы, барлық жағдай жасалған.
Нұрай Жаппарбергенова, 148 мектеп-гимназиясының оқушысы:
Аптасына үш рет па, келіп тұрамын. Ремонттың алдында барып жүргенімде көптеген әдеби кітаптар, соның барлығын оқи бастадым. Ал қазір ЕНТ-ға дайындалу барысында химия, биология пәндерін оқи бастадым. Және бұл жерде қосымша сабақтар береді екен. Соған да қатыспақшымын.
Ал Тәжібек – студент. Қосымша жұмыс та істейді. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Бала күндегі қазақтың қиял-ғажайып ертегілері қазір фантастикалық туындыларға ұласқан. Тәжібектің қайта жөндеуден өткен кітапханаға келіп бастағанына бір аптадай болды. Содан бері осы жерге байланып қалғандаймын дейді, ол.
Тәжібек Дарханұлы, студент:
Керемет, ішіндегі интерьер, кітаптар жиынтығы, оқырманға деген барлық ыңғайлылық, жағдай жасалған. Қиял-ғажайып кітаптарды оқығанда сол кітаптың ішіне кіріп кетесің. Кітап оқығанда негізінен бір кітапты бастап бітірмейінше тоқтай алмаймын. Кейде таңғы 5-6ға дейін кітап оқып, ертесіне амал жоқ, жұмысқа бару керек болады. Сонда да кітапқа жақын адам болғандықтан оқимын.
Бұл жастарды шаңырағына жиған Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы. Ерекшелігі, екі ай бұрын толықтай заман талабына сай қайта жөндеуден өткенінде. Әрі дәстүрлі кітапханалардағыдай қалыптасқан бөлімдер мен кабинеттер жоқ. Керісінше, бәрі барынша ашық.
ГРАФИКА: 15 пен 29 жас аралығындағы оқырмандарды қабылдайтын кітапханада 300 мыңнан аса кітап қоры бар. Ал тіркелген оқырмандар саны – 15 мың. Бұрындары күніне 100-150 адамға ғана қызмет көрсететін орталық қазір 500 оқырманды қабылдай алады.
Ғазиза Құдайбергенқызы, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы басшысының міндетін атқарушы:
Бұрынғыдай емес, бұл жерде тыныш аймақ. Одан әрі оқырман жеке аймаққа өтеді. Ол жерде жеке отырып жұмыс істеуге, сабаққа дайындалуға мүмкіндігі бар. Залдың екінші бөлігі бұл - топтық аймақ. Бұл жерде әртүрлі курстар өтеді. Білім орталығы болып, кітапханаларды жаңғырту керек деген Елбасының бастамасын басшылыққа алып жатырмыз.
Сондай-ақ, мұндағы жоғары жылдамдықты тегін вай-фай, заманға сай әзірленген жұмсақ жиһаздың да оқырман тартуға ықпалдасатыны сөзсіз. Ал жиі ұйымдастырылатын курстар мен дебаттар кітапханамызды нағыз білім ошағына айналдырып отыр, дейді Ғазиза Құдайбергенқызы.
Ғазиза Құдайбергенқызы, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы басшысының міндетін атқарушы:
Кітапхана әрқашанда – білім орталығы. Ақпарат беретін орталық. Сондықтан бұл жерде математика курсы, ағылшын тілі, қазақ тілі курстары өтеді. Сосын үлкен іс шаралар өтеді. Шағын атриум бар. Спикерлердің өз ойларын айтып, жастарға дебат ұйымдастыруына жағдай қарастырылған. Тіпті отырып кино көре аламыз. «Кітапхана + кино» деген жобамыз бар. Кино көргеннен кейін жастар осы жерде отырып пікір таласып, ары қарай да клубтың жұмысын жүргізеді.
Кітапхананы осылайша реконструкциядан өткізуге 145 миллион теңгеден астам қаражат кеткен. Ал оны «Қазақстан 2050» стратегиясын қолдаушылар» қоғамдық қорының арқасында жүзеге асырған. Сонымен, сыртқы келбет ғана емес, ішкі мазмұн да өзгерді. Басты талап жастардың бос уақытын мағыналы өткізуіне септесу деп ұғады.
Ғазиза Құдайбергенқызы, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы басшысының міндетін атқарушы:
Кітапхананың рольі қоғамда әрқашанда болған. Бола береді. Өйткені кітапхана біріншіден – бұл жерде барлық тасқа басылған дүние жинақталған ғой. Баяғыда кітапханадағы акцент кітапқа түсетін. Қазір біз адамға түсіріп отырмыз. Оқырманға. Кітапханаға келдің, қолыңа міндетті түрде кітап ал демейміз. Өйткені бұл жастардың бас уақытын тиімді пайдаланатын каворкинг орталық, шығармашылық орталық.
Тәжібек Дарханұлы, студент:
Әр оқырманның өзінің ішкі талпынысы, өзінің ізденісіне байланысты болады. Ал ондай ізденісті негізінен оқып жүрген ортасы ояту керек. Ізденіске жақын адамдар осындай кітапханаға келіп одан бетер қызыға түседі.
Олжас Нұржақып, тілші:
Жаңа кейіпке енген кітапханада қатып қалған бұрынғы
тәртіп жоқ. Мұнда жайлы орынға отырып та, жұмсақ көрпешеге жантайып та сүйікті
кітабыңды, қызықты мәліметіңді оқуға болады. Тіпті модернизациядан кейін жұмыс
уақыты да өзгерген. Әрине, мұның бәрі жастарды кітап оқуға, кітапханаға келуге
ғана қызықтырмайды. Кітапханаға бару
салтының да салмағын арттыра түседі. Әрі өзге орталықтарға үлгі болады...
Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».