$518.53 €588.17 ₽6.39
×

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

AstanaTV
16.06.2018ж. 20:00
29017
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Ұлттық аспаптардың бәрі қастерлі. Ал домбыра... Қадыр ақынша айтсақ: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек ғана: Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!» Енді шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық Домбыра күні. Ришат Асқарбекұлының материалы.

Шын өнерпаздар алты мың жылдық тарихы бар қазақ домбырасының кейде қолөнер бұйымы деңгейінде саналатынына налиды. Домбыраны қазір қара базардан бастап, хан сарайындай алып дүкендерден де кездестіруге болады. Оған үйге сән беретін атрибут немесе көңіл аулау үшін кәдесыйға ғана жарайды деп қарайтын ұрпақ пайда болды. Мұндай көзқарас қасиетті аспапты тілі күрмелген, үні булыққан деңгейге түсіргендей, дейді өнертанушылар. 

Дыбыстық қыстырма: Домбырашылар күй тартып отыр...

Домбыраның қайта жаңғыруына түрткі болатын тың жаңалық осы аптада Ақордадан жетті. Президент арнайы жарлық шығарып «Ұлттық домбыра» күнін бекітті. Енді жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде қазақтың жаны мен рухы болған домбыра даламызды сазға бөлейді.

Айгүл Үлкенбаева, күйші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

Мынау гастрольдік сапарларға шыққанда көріп жүргенім, қазірше біздің күйімізді тыңдайтын құлақ бар. Үлкендер бар, құдайға шүкір. Дегенмен олар да сиреп бара жатыр. Менің әрбір тыңдаушым үлкендер. Сол себепті ұлғайған жастағы тыңдармандарымды қадірлеймін. Олардың өнер, күйді тыңдап білу мәдениеті бөлек.

Танымал күйші қазақтың барлығы домбырашы болсын демейді. Ұлттық аспапқа деген құрмет төмендемеу үшін ұрпақтың таным көкжиегін бала күнінен кеңейту керек, деген ойда. Төрт жасынан домбыраға әуес болған Андрей қазір үлкен сахналарда өнер көрсетеді. Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті күйші ғана емес, домбыраға салып жанынан өлең шығарады. Орыс баласы әлеуметтік желілерде «Акын акынч» деген атпен де танымал.

Андрей Фендриков, домбырашы:

Бүгінгі ең маңызды жаңалық ол - домбыра күні. Меніңше бұл мерекенің болуы қазақ халқының мәдениетіне деген құрметті көрсетеді. Ұлттық домбыра күні жастарға домбыраға деген қызығушылықты оятады деп үміттенемін.

Ұлтымызға тән музыкалық аспатардың барлығы қастерлі. Бірақ соның ішінде неге домбыра  «ең рухтысы»  деген сауалға Тәттімбеттен бастап Нұрғисаға дейінгі дәулескерлік домбырашылық дәстүріміз жауап береді. Сол атақты тұлғалардың домбыралары әлі күнге мұра ретінде сақталып тұрғанын былайғы жұрт біле бермейді. Оларды Павлодардағы мұражайлардың бірінен таптық.

Назымбек Дүкенбай, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, сазгер:

Мынау Махамбеттің домбырасы. Махамбет әнші, әрі күйші. Ол Исатайдың жанында жүріп, домбырамен күй ойнаған. Құрманғазының Махамбетке арнаған "Кішкентай" деген күйі де бар. Сол заманда Құрманғазы осындай туындылар шығарған.

Домбыра ұлттық код екенін білеміз, бірақ оны бренд деңгейіне жеткізе алмай отырмыз. Ол қолөнер бұйымы ретінде жасалып, саудаланады. Жәй ғана мысал, гитара мен скрипкаға арнайы ішек жасайтын зауыттар мен цехтар бар. Ал домбыра балық аулайтын лескамен сол күйі қалды, дейді Талғат есімді домбыра шебері. Қазір домбыра жасаушылар арасында бәсекелестік жоқ. Тоқсанынышы жылдары "Үкілі домбыра" деген шеберлер сайысы өтетін. Байқау ұлттық аспап жасаудың қыр-сырын бір тексеріп, бағыт-бағдар беруші еді, дейді домбыра жасаушы.

Талғат Жанасылов, домбыра шебері: 

Қазір базарда сатылатын домбыралар көп. Арзанқол қалай болса, солай жасалған. Негізі оны ел сувенир ретінде қолданады. Әйтүп-бүйтіп қолданады. Соның көптігінің әсерінен шығар, мына кәсіби түрде домбыра жасайтын азаматтарға деген сұранысты азайтып отырған да солар.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Домбыра қазақтың ұлттық музыкалық мұрасы ретінде қала береді. Ол бірақ заман өзгерген сайын түрленіп отырады. Мысалы, мына балалар домбыраны сандық тәсілмен үйреніп жатыр. Мұны ертеде Құрманғазы, Тәттімбеттер «құйма құлақ» деген. Құлақпен естіп, көзбен көріп-ақ үйреніп алатын болған.

Талғат шебердің қолынан шыққан домбыраларды Алматыдағы жетекші оқу орынының студенттері мен оқушылары пайдаланады. Соның бірі 8 ай бұрын ашылған осы «Әлқисса» домбыра студиясы. Қолы икемге келетін кез-келген  ұлттың баласы бұл үйірмеден бір айда домбыра үйреніп шығады. Нота жаттау міндет емес. Домбыра пернелерін цифрлап, қағазға түсіру арқылы туындыларды тез меңгеруге болатын әдіс ойлап табылған.

Қанатбек Сәден, Қазақстанның мәдениет қайраткері: 

Енді біз оқытып жатырған балалардың барлығы бірдей ертең музыкант болады деу, ол бекершілік. Бірақ бұлардың құлағы ашық, өнерге деген қамқоршы болады. Ертең бұлар мүмкін экономист болады, мүмкін юрист болар, мүмкін басқа мамандықты таңдайды ғой олар, сонда өзі сияқты кейін есіне түседі кішкентай бала ойнап отырғанды көрсе, мүмкін келешекте демеуші бола ма... Жүрегі бұрылып тұрады, сондай балаларға. Жақсы көрермен болады, тыңдаушы болады...

Энограф-ғалым Жағда Бабалықұлы 1986 жылы домбыраның және онда билеп тұрған бес адамның суреті бейнеленген тасты қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының аумағынан тапқан еді. Оны ғалымдар неолит дәуіріне жатқызды. Сол жаңалықтан соң дөңмаңдай ғалымдардың өзі домбыраның алты мың жыл бұрын пайда болғанын мойындады. Қара домбыра ең ежелгі мұра ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне де енді. Енді міне, ол ұлттық мейрам ретінде өз елімізде салтанат құрмақ. 

Айгүл Үлкенбаева, күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Жастарды домбыра тыңдату үшін әртүрлі амалдарды жасап келеміз. Қызықтыру мақсатында. Ал мынау домбыра мерекесі де сол жастардың қызығушылығын арттырады деп білемін. Әрбір қазақ домбыра ұстап білуге тиіс болса, мынау мерекені де солай сезінуі керек. Өзіне қатысты деп сезіне білуі керек.

Андрей Фендриков, домбырашы:

Бұл мүлде жаңа мейрам, оны тойлаудың жолын қазірге ешкім білмейді. Меніңше оны ерекше атап өткен жөн. Осы орайда біздің домбырашыларымыз өздері де ықылас танытуы керек. Сонда табыс табу жолы деп емес, шынымен халықаралық мерекеге айналады.

Заңмен бекітілген «Ұлттық домбыра» мерекесі алдағы шілденің алғашқы женсенбісінде тұңғыш рет аталып өтілмек. Астанадағы  «Қазақ Елі» алаңында 2 мың домбырашы қазақтың классикалық күйлерін тартпақ. 

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».