"Нұрлы жер" бағдарламасын қайта бекітіп, мемлекеттік бағдарлама мәртебесін беру қажет. Үкіметте аталған бағдарламаның орындалуын баяндаған Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Роман Скляр осылай деді.
Сонда келесі жылдан бастап оның бюджетін арттыруға мүмкіндік болмақ. Және тағы бір мың тұрғынды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ете аламыз деді вице-министр. Бұдан былай мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар өз қызметкерлеріне алғашқы жарна ретінде тұрғын үй қарызын бере алады. Роман Скляр бұл мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлердің баспана мәселесін шешуге көмектеседі деген ойда.
Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасын мемлекеттік бағдарлама мәртебесіне қайта бекіту қажет. Жобада Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы атты Қазақстан халқына үндеуін іске асыру үшін нормалар көзделген. 2019 жылдан бастап жалға берілетін үй салуға қаржыландыру 10 млрд теңгеге, ал инженерлік желілерді салуға 20 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылды.