Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналар балаларының басқа мектепке ауыстырылуына қарсы

AstanaTV
19.06.2018ж. 20:00
2955
Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналар балаларының басқа мектепке ауыстырылуына қарсы

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют қаласында ата-аналар бас көтерді. Жуырда қала билігі №3-ші орта мектептің қайта құрылып, оқушылардың гимназияға ауысатынын жария еткен. Бірақ балалардың әке-шешелері бұл бастамаға түбегейлі қарсы. Жұрттың талап-арызын тындап қайтқан әріптесім Абзал Құрманкин тақырыпты жалғастырады.

 Өткен ғасырдың 30-жылдары бой көтерген №3-мектеп Мамлют қаласындағы ең көне білім ордасы болып саналады. Мектепте 285 бала білім алады. Бұдан бөлек мұнда шағын орталық та бар. Жуырда білім саласына жауаптылардың жаңа реформасын естіген тұрғындар жаңашылдыққа түбегейлі қарсы.

Евгений Смоличенков, ата-ана:

Әкімдіктегілердің жоспарына сай, 5-11 сынып оқушылары № 1-мектеп гимназиясына ауысатын болды. Шағын орталық пен бастауыш сыныптар орнында қала бермек. Сондай-ақ, аудандық білім беру бөлімі осында көшіп келмек. Бірақ басқа мектепке оқушылардың көңілі жатпайды. Ондағы мұғалімдер тек үздіктерді ғана тартып отырады, ал орташа оқитын балаларға немқұрайлы қарайды.

Аудандық білім бөлімінің дерегінше, мектепте бала саны жеткілікті. Бірақ мұғалім тапшы. Білім ордасында тұрақты 8 ұстаз ғана бар, қалған 6 маман өзге мектептерден келіп-кетіп сабақ береді. Бұл білім сапасына әсер етпей қоймайды, дейді билік өкілдері. Ал ата-аналар, керісінше, бұл мектепте дарынды балалардың көптігін алға тартады.

Надежда Куминова, ата-ана:

Бздің мұғалімдеріміз жақсы білім береді. Биыл 6 оқушымыз Петропавлдағы лицейге, ал тағы бір оқушымыз Назарбаев мектебіне түсті. Аузымызды ашсақ болды, әкімдіктегілер қоқан-лоқы көрсете бастайды. Жеке кәсіпкерлерге бизнестерінен айырыласыңдар, ал қалтасы жұқа ата-аналарға балаларыңды тегін тамақтан айырамыз деп қорқытады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бұл білім ордасында көбінесе халық арасында «Татар аймағы» деп аталып кеткен шағын ауданның балалары оқиды. Егер оқушыларды қаланың орта беліндегі бірінші мектепке ауыстырса, олар күнде 3,5 шақырымдай қашықтықты жаяу өтуі тиіс. Билік өкілдері балақайларды қоғамдық көлікпен қамтимыз деп уәде берген. Бірақ, жүзі сынық тұрғындар шенеуніктердің сөзіне күмәнмен қарап отыр.

Надия Цимерман, ата-ана:

Татар аймағынан мектепке дейін жету үшін балаларым 2,5 шақырым жүреді. Енді тағы бір километр қосылмақ. Жол сын көтермейді. Көктемде батпақ, қысты күні жолды қар басады. Әкімдіктің бөлген бір автобусы бар. Қозғалтқышы істен шығып, 2 жыл жөнделмей тұрды. Шенеуніктердің қазір беріп отырған семіз сөзі, ертең арық шықпаса болды.

Мамлют қаласында жалпы білім беретін 4 мектеп бар. Олардың кейбіреуі жартылай ғана толық. Реформаның арқасында атқамінерлер білім ордаларын оңтайландыруды көздейді. Тіпті шағын орталықтар дефициті де жойылмақ.

Сара Рамазанова, СҚО Мамлют ауданы білім беру бөлімінің басшысы:

Гимназияда 310-ақ бала оқып жатыр, ал қауқары 950 оқушыға жетіп жатыр. Бірінші мектепте де балалар жетпейді. Екеуін біріктіреміз. Ал балаларды автобуспен тасимыз. Көліктің жағдайы жақсы. Үшінші мектепте бастауыш сыныптар қалады, ондағы шағын орталықты кеңейту жоспарда бар. 3-4 жастағы балаларға арналған қосымша топтар ашылады. Сөйтіп, Мамлют қаласындағы шағын орталықтардың жетіспеушілігі жойылады.

Мектептердің қайта құрылуына қатысты әкімдік ресми түрде қаулы шығарған. Аталған өзгерістер қыркүйектің бірінде енгізілмек. Алайда бұқара оңай беріспеуге бекінген. Олар Білім министрлігіне мектепті сол қалпы қалдыру жөнінде ресми хат әзірлеп жатыр

А.Құрманкин