Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Болашақ" шәкіртақысын иемденгісі келетіндерге талап күшеймек

AstanaTV
27.06.2018ж. 20:00
2213
"Болашақ" шәкіртақысын иемденгісі келетіндерге талап күшеймек

2025 жылдан бастап "Болашақ" шәкіртақысының квоталы санаттары жойылады. Ал шәкіртақы иемденгісі келетіндер үшін талап күшеймек. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов Үкімет қабырғасында өткен брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ алдағы 5 жылда аймақтық деңгейдегі онлайн-тест енгізілетіні белгілі болды. 

Талғат Ешенқұлов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Үміткерлерді сапалы іріктеу үшін магистратураға түскісі келетіндерге ағылшын тілі талабы жоғары болады. IELTS сертификатының рейтингі 6,0 және квота санаттары үшін одан жоғары болуы тиіс. 2025 жылдан бастап ағылшын тіліне қойылатын талап күшейтілетін болғандықтан, шәкіртақы аясындағы барлық квота санаттары жойылады.

Ал шәкіртақыны "Астана банкі" арқылы алып келгендер енді оны басқа банктерден алатын болды. Аталған қаржы институтындағы қиындықтардан соң осындай шешім қабылданған. Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры осы банкте депозиттік есеп-шот ашқандардың ісіне араласа алмайтынын мәлімдеді.

Жанболат Мелдешов, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті:

Банк бізге жеңілдік жасады біздің стипендианттарға, бір апта ішінде шешіп алуға. Сол бір аптада 30 шақты адам өз ақшаларын шешіп алған жоқ немқұрайлы қарап. Одан кейін тағы да банкке шағымдануымызға тура келді. Қазіргі уақытта барлық стипендианттар бір апта ішінде ақшасын шешіп алды. Одан кейін ешқандай қиындық туындаған жоқ. Осы айда біз Халық банкіне өттік. Қазір біздің стипендианттар басқа банктер арқылы, басқа карт-счеттар арқылы стипендиясын алып жатыр.

"Болашақ" бағдарламасымен шетелде білім алғысы келгендердің арызы 31-ші тамызға дейін қабылданады. Бүгінде 555 орынға 400-дей адам құжат тапсырған. Байқаудан өткендер Германия, Франция, Норвегия, Польша, Чехия мен Грекиядағы әйгілі оқу орындарында тегін оқи алады. Білім және ғылым вице-министрі брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі былықтарды да айтты. Тыйым салынған құралдарды қолданғаны үшін 8 түлек сынақтан шеттетілген.