$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Өзін өзі жұмыспен қамтыған отандастарымыздың үштен бірі салық төлемейді

AstanaTV
20.06.2018ж. 20:00
3875
Өзін өзі жұмыспен қамтыған отандастарымыздың үштен бірі салық төлемейді

Қазақстанда өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны артып келеді. Олардың үштен бірі салық төлеуден жалтарады немесе міндетті зейнетақы қорына қаржы аудармайды. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстандық саяси шешімдер инситутының кезекті отырысында айтылды. Қолданбалы экономика орталығының жетекшісі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі үлесі оңтүстік өңірлерге тиесілі. Арнайы жүргізілген әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, соңғы 25 жылда ауылды жерлерде өзін өзі асырап отырғандардың үлесі 36 пайызға көбейген. Бірақ елді мекендердегі еңбек өнімділігі небәрі 6 пайызға артыпты. Мамандар Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында зерттеу жүргізген.

Жақсыбек Күлекеев, қолданбалы экономикалық зерттеу орталығының директоры:

Бұл региондарда еңбек ресурсы басқа аймақтарға қарағанда көп. Жалпы Қазақстандағы халықтың жартысына жуығы осы оңтүстік өңірде тұрады. Осы жерде қалыптасқан жағдай Қазақстанның барлық өңіріне сәйкес келеді деп айтуға болады. Қоғамның алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі - өзін өзі қамтитындардың еңбек тиімділігін арттыру, тәжірибесін, білімін көтеруді жан-жақты қарастыру керек.

Зерттеулер нәтижесінде өз табысына күн көретіндердің 67 пайызы салық төлейтіні белгілі болған. Ал 10 пайызы төлеуге міндетті емеспіз деп ойлайды. Олардың үштен бірі салық төлемейді деген қорытынды осыдан шығады, дейді экономистер. Зертеу орталығының мәліметтеріне сай, Қазақстан халқының 26 пайызы мемлекетке үміт артпай, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Жартысынан көбі - 20 мен 44 жас аралығындағы жастар. Жоғары білімді немесе орта-кәсіптік білімі бар азаматтардың үлесі 51 пайыздан жоғары. Ал еңбекке жарамды халықтың саны 8 млн 600 мың адамға жеткен.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың  айтуынша, мұндай санаттағы азаматтардың тіркеуге тұруын қадағалаған жөн. Олардың зейнетақы және медициналық сақтандыру реформаларына қатысуы маңызды. Үкімет кәсіпкерлер үшін салықтық төлемдерді бір ізге түсіретін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр, дейді мамандар.