Қостанайда егде тартқан шағында елеусіз қалған қариялар интернатқа қабылдану үшін кезекке тұруға мәжбүр. Аймақтағы арнайы әлеуметтік мекемелерде әзірге бос орын жоқ. Мұнда қарттарды қарауына алатын жеке пансионаттар да бар. Бірақ оларды паналау үшін зейнеткерлер қыруар қаржы төлеуі керек. Тастанды қарттардың тағдыры туралы тілшіміз Заңғар Санайдың репортажы.
Облыста қарттар мен мүгедектерге арналған 5 интернат үйі бар. Мемлекет қарамағындағы әлеуметтік мекемелерде 637 адам тұрады. Қариялардың арасында жасы жүзге жақындаған көнекөздері де кездеседі.
Жалпы үлгідегі интернаттың бірі Рудный қаласында орналасқан. Бұл жерде 413 адам тіркелген. Әлеуметтік мекемені паналаған әлеуметтің 10 пайызы мүгедектер болса, қалғаны қамкөңіл қариялар.
Жамал Шаймерденқызы 5 жылдан бері қарттар үйін паналап келеді. Күйеуі қайтыс болған соң осында тұрыға бел буған. Жалғызбасты ананың жақын туыстары да бар. Алайда осы жер ыңғайлы екенін айтады. «Көйлегім көк. Қарыным тоқ. Тәулік бойы медбикелердің бақылауында боламын»,- дейді кейуана.
Жалғыз тұруға қорықтым. Қайткенмен денсаулығым сыр берді. Қант диабетімен 21 жылдан бері ауырам. Маған қолайлы. Неге десең, мында тәулік бойы медбикелер бар. Біздің қысымымызды таңертең, кешке қарайды.
Өкініштісі, қартайған шағында қарттар үйіне тап болатын қариялардың қарасы көп. Кезекте тағы он сегізі тұр. Оларды бір-екі айдың көлемінде орналастырамыз, - дейді әлеуметтік сала мамандары. Мемлекеттік мекеменің қамқорлығына өткен кісілерге 8 қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Майдашаш Жұмағали, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлім басшысы:
Зейнетақысынан, басқа жәрдемақыларының барлық түрінен 70 пайызы сол мемлекеттік мекеменің шотына аударылады. ГЦВП арқылы. 30 пайызы ғана өздерінің қолдарында қалады. Неге десеңіз, ол адамдарымыз мүгедек болсын, қарт болсын толық мемлекеттің қамқорлығында. Ауырып қалса да, енді кез келген мәселесін сол мекеме шешіп береді.
Өңірде мемлекеттік мекемелер мен қатар 3 жеке пансионат жұмыс істейді. Онда жүзге тарта адам тұрады. Шағын орталықтың біреуі шаһар шетінде, қалғаны аудан мен ауылдық жерде. Қостанайдағы пансионатты қазір 13 қария мекендейді. Мұнда уақытша және тұрақты қалатындарға ақылы қызмет көрсетіледі. Степан ақсақал ай сайын 100 мың теңге төлейді. Қаражаттың жартысын зейнетақысынан жырымдап берсе, өзгесін жанашыр жақындары толтырады екен.
Степан Кулачек, пансионат тұрғыны:
Осында алып келгенде, қатты қуандым. Әйтеуір далада қалған жоқпын. Қоршаулы болса да, менің мекенім, менің үйім осы. Бұл жерден енді ешқайда кетпеймін.
Бұл орталыққа тұрақтағысы келетіндер көп. Бірақ қарт кісілердің ай сайын ақша төлеуге шамасы жетпейді. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, демеушілер табылса, қамыққан қарияларды көбірек қабылдауға дайынбыз, - дейді пансионаттың бас дәрігері.
Дулан Сәдуақасов, пансионаттың бас дәрігері:
Бізге хабарласып, төлемақысын сұрайды. Бірақ қариялардың зейнетақысы 50 мың теңге төңірегінен аспайды. Қалған қаражатты қалай табамыз деп тосылып қалады.
Ата-анасын пансионатқа тапсырып, ақшасын төлемей бой тасалап жүргендер де бар. Олардың қолындағы зейнетақы карточкасы бұғатталды. Келісімшартқа сәйкес қызмет құнын өтемесе, қарияны шығарып жібереміз, - дейді бас дәрігер. Қартайғанда қараусыз қалған қарт кісінің одан кейін қайда барары да белгісіз.
Заңғар САНАЙ