$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Түркістан – облыс орталығы. Жаңадан тағайындалған әкімдер.

AstanaTV
23.06.2018ж. 20:45
3202
Түркістан – облыс орталығы. Жаңадан тағайындалған әкімдер.

Сонымен, Президенттің жарлығымен орталығы Түркістан қаласы болып, Түркістан облысы құрылды. Ал тұрғындарының саны 1 миллион адамға жеткен Шымкентке республикалық деңгейдегі дербес қала мәртебесі берілді. Түркістанда жаңа әкімшілік нысандар салынып, тиісті инфрақұрылым тартылғанша, облыстың әкімдігі Шымкентте жұмыс істей береді. 

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Оңтүстік Қазақстан еліміздегі экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ екені белгілі. Биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент шаһары Қазақстандағы ең ірі мегаполистің қатарына қосылған. Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызы Шымкентте шоғырланған. Шаһар еліміздегі жетекші сауда-өнеркәсіп және мәдениет ошақтарының бірі болып саналатынын білеміз. Қаланың осындай мүмкіндіктерін ескеріп, оған республикалық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдадым.

Жансейіт Түймебаев - Түркістан облысының әкімі. Түркістан қаласының әкімі болып жұмада Әліпбек Өсербаев тағайындалды, ол облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Ал былтыр күзге дейін 2 жылдай Шымкентті басқарған Ғабидолла Әбдірахымов сол қызметке қайта тағайындалды. Үкімет басшысы барып, жарлықтармен таныстырғанда залдағылар тасырлатып қол соғыпты, ал әлеуметтік желідегілер мемдер – уытты немесе зілсіз әзіл-суреттерді салып үлгерді.

Былтыр ол қызметінен кеткенде жергілікті телеарналар жасаған сюжеттерді қарап шыққам, расында, жұрттың тілін тапқанға ұқсайды. 

Әрине, өзі «зың» деп сипаттаған қаланы шынымен «зың» қыла ма, осы жолы анық көрінеді. Ал енді иронияны шегеріп, салмақты сөзге көшсек,

Түркістан — екі дүние есігі ғой, 
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой . 
Тамаша Түркістандай жерде туған 
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен, 
Тұранда ер түрігім туып-өскен – деп жырлаған Мағжан ақынның 125 жылдығы осы күндері Қызылжар өңірінде тойланып жатыр. Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде ақиық ақынның ең алғашқы өлеңдер жинағы жария етілді. «Шолпан» атты кітабы Қазан қаласында 1912 жылы жарық көрген. Сол кезде 19 жастағы Мағжан Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алып жүрген. Бұл өлеңдер жинағы өте сирек кездеседі. Архив мамандары кітапты 5 жыл бойы іздестірген екен. Олар Ресей мен Қазақстанның бүкіл кітапханалары мен қорларын қарап, ақыры Алматыдағы Ғылым академиясының көне қолжазбалар бөлімінен тапқан. 50 беттен тұратын кітапқа Мағжанның 30 өлеңі кірген. Арасында һәкім Абайға арнаған туындысы да бар. Өлең шумақтары араб графикасымен жазылған.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры:

Бұл өлеңдер жинағында Мағжанның алғашқы шыққан өлеңдері енген болатын. Мысалы, Жатыр, Жазғытұры, Жаз, Туған жерім Сасықкөл, Алтын һәкім Абайға деген өлеңдері бар. Біз оны араб графикасынан қазіргі тілге аударып, соны оқып танысып білдік және жаңа баспадан жазылып шыққан жаңа 2 томдық Мағжан Жұмабаевқа арналған басылымымызға оны енгіздік.

Тау тұлғалы таланттың мерейтойына орай Қызылжарда оның мүсіні де жаңартылды. Бүгін зиялы қауым өкілдері мен Мағжанның туған-туысқандары ескерткішті ресми түрде ашты. Ал 25 жыл бұрын қаланған бетон ескерткіш ескірген болатын. Айта кету керек, ескерткішпен қатар, Мағжан атындағы саябақ та құлпыра түскен.

Досбол Абдриисов, СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

Бұрынғы ескерткішті біз Мағжан Жұмабаевтың туған жері Сарытомар ауылына апарып орнатамыз. Бүгін сол ауылда ұлы ақынның мерейтойына арналып үлкен мерекелік шара өтпек. Оған Мағжанның туған-туысқандары да қатыспақ.