$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда халық тұтынатын заттар сақталған тоғыз қойма өртке оранды

AstanaTV
28.06.2018ж. 20:00
3206
Алматыда халық тұтынатын заттар сақталған тоғыз қойма өртке оранды

Алматыдағы қоймадағы алапат өрттен зардап шеккендерге шығын есептелген соң көмек көрсетіледі. Қойма кешенінің директоры осылай деп мәлімдеді. Бүгін таңға жуық тұтанған тілсіз жау 9 қойманы күлге айналдырды. Өрт сөндірушілер жалынды тік ұшақпен сөндіруге мәжбүр болды. Оқиға орнынан Олжас Нұржақып айтып берсін.

Олжас Нұржақып, тілші:

Өрт таңғы 6-да тұтанған. Алғашқы оттың ұшқыны міне мына 7-ші қоймадан тұтанған көрінеді. Бірақ өрт сөндірушілер жеткенше тілсіз жау басқа қоймаларға тарап үлгерген. Сақталған заттар, құжаттар мен қажет техникалар түгел жанып кеткен.

Құжатынан айырылған жанның бірі - Әсемгүл Әдісқызы. 8 баланың анасы оттың шыққанын естіп таңға жуық таксимен жеткен. Бірақ жұмыс орнына бара алмапты. Ал түнгі қызметке қалдырған баласын құтқарушылар аман алып шыққан. Енді ол "сонша жылғы еңбегім жоққа шықты" деп қынжылады.

Әсемгүл Әдісқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

Пенсияға шығар кезде міне документім жанып кетті ішінде жиналып жатқан. Не істейтінімді білмеймін. 8 баланың анасы, кредит жабам деп қиналып жүргенде күнім мынау. Күн көріп отырған складым жанып кетті. Не көрерімді білмеймін.

Жапа шеккендер қоймаларды жалға алып, кәсібін дөңгелетіп жүрген.

Аида Сапарғазина, кәсіпкер:

Біз қойманы жалға аламыз. Мұнда халық тұтынатын 3 күндік қорымыз бен бірқатар техникамыз болған. Мен сүт өнімдерін сақтаймын. Бірақ таңғы шыққан өрт бәрін жоқ қылды. Сақтандыру компаниясына үміт артып отырмыз. Біздегі сақталған өнімдер республиканың барлық өңіріне жеткізіледі. Қазір нақты қанша шығынға батқанымызды кесіп айту қиын. Есептеп жатырмыз.

Оқиға орнына ірі қойма орталығының директоры да келді. Жалға алып күнін көрген кәсіпкерлерден бөлек, мұнда 200-300-ге жуық жұмысшы бар екенін айтты. 

Олег Чарлин, қоймалар кешенінің директоры:

Қазір алдымен өрттің неден шыққандығын анықтап алайық. Одан әрі жалынға оранған қойманы ретке келтіреміз. Көмек көрсету жағын ұмытпаймыз. Өйткені мұнда көпшілігі жалдамалы жұмысшылар, қойманы жалға алушылар ғой. Барлық іс аяғына жетсе, көмек көрсету жағын да реттейміз.

Тілсіз жау 17 мың шаршы метрден аса аумақты жалмаған. Мамандар өрт шалған аумақ үлкен болғандықтан тікұшақпен де ауыздықтауға тырысты.  Мұнан бөлек 23 бірлік арнайы техника ұмылдырылған. Тіпті үздіксіз су жеткізу үшін су тасушы көліктер де тартылыпты.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:

Өрт оқшауланды. 9 сағат 6 минутта. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.

Олжас Нұржақып, тілші:

Абырой болғанда, адамдар дін аман. Ал, шығын көлЕмі белгісіз. Қазір оқиға орнында өрт зертханасының жұмысшылары қауырт іске кіріскен. Олар оттың неден тұтанғанын анықтап жатыр.

Олжас Нұржақып