«Нонсенс» дейтін нәрсе көп ғой, бізде. Петропавлдағы былғары зауытының жұмыс істемейтіні де нонсенс. Екі жыл болды, қалған жұмысшылары қондырғылар шіріп кетпеуі үшін ғана жүр. Майлап,станоктарды әлсін-әлсін қосып. Даламыз төрт түлікке бай. Оның ішінде ірі қараға. Өзімізше «Көкбөрінің» ұрпағымыз деп қоямыз. Біз дайын өнім – етік-топли, күрте-сөмке шығару туралы үндемедік. Тек өңдеудің өзін қатырмай отырмыз. Тері жоқ емес, бар. Бірақ қытайлар тасып әкетіп жатыр. Мәжіліс депутаты В.Косаревтің айтуынша, тері тоқтаусыз сыртқа тасылғаннан еліміз жылына 2 млрд еуро-дан жоғалтып отыр. Абзал Құрманкиннің материалы.
Қаршадайынан мал бағып өскен теріскей тұрғыны Руслан Мусин кәсібін ақыры сол мал шаруашылығынан тапты. Ол түлік басын көбейтіп, ет пен сүт сатады. Тіпті сойылған малдың терісін де кәдеге жаратады. Тері құнды материал болған соң, нарықта сұраныс қашан да жоғары.
Руслан Мусин, шаруа:
Менің жиырма шақты малым бар. Жарты жылда бір рет сиыр-бұқаны тапсырып отырамын. Ал теріні саудагерлер өздері келіп алып кетеді. Бағасы шамамен 100 теңге. Бір бұқаның терісі 20-30 келіге тартады. Малды сойған кезде таза терінің өзінен 5-10 мың теңге пайда көремін.
Бүгінде Қызылжар өңірінде жарты миллион ірі қара бар. Жыл сайын оның бесінші бөлігі сойылып отырады. Демек, одан 3-4 мың тонна тері шығады деген сөз. Әйтсе де шикізат мол болғанымен, жергілікті былғары зауыты оның шарапатын көре алмай отыр. 1836 жылы ашылған өндіріс ошағы еліміздегі ең көне фабрикалардың бірі болып есептеледі. Кәсіпорын тіпті аяқ киім алпауыты болып саналатын Италияға өңделген тері жіберіп отырған. Алайда шикізат тапшылығынан зауыт 2016 жылы тоқтап қалған.
Асия Акмултыкова, Петропавл былғары зауытының менеджері:
Біз әдетте жыл сайын терінің 4500 тоннасын өңдейтінбіз. Ал 2016 жылы 104 тонна ғана шикізат тиді. Зауыт 130 адамды жұмыспен қамти алады. Бүгінде мұнда 51 адам қалған. Олар қондырғыларды күтіп-баптаумен ғана айналысады. Біз осыған дейін дайын өнімді Италияға жіберетінбіз. Олар қазір де бізбен жұмыс істеуге дайын. Бірақ өкінішке қарай, бізде шикізат жоқ.
Зауыт өкілінің айтуынша, қазір терінің барлығы Қытай асып жатыр. Шикізатты шығаруға шекарада шектеу болмаған соң, көрші елдің кәсіпкерлері мал терісін қымбат бағаға сатып алып, мұнда монополияны орнатқан. Ал олармен бәсекелестік құруға отандық зауыттар қауқарсыз.
Абзал Құрманкин, тілші:
Қызылжарда мал терісін қабылдайтын 5 бекет бар. Олардың былғары зауытына неге аттап баспайтынын, тиісінше, қытай саудагерлері туралы білу үшін барлығын аралап көрдік. Алайда ешқайсысының бізбен тілдескісі жоқ. Кейбірі қақпаларын тарс жауып алса, енді бірі түрлі себептерді сылтау қылып, қарасын көрсетпей кетті.
Ресейлік маман Полторацкийдің осы салада еңбек етіп жүргеніне 35 жыл болған. Тәжірибелі технолог нарықты зерттеп, зауыттар жұмысына пәрмен беріп отырады. Айтуынша, Қазақстандағы 8 былғары зауытының тең жартысында шикізат тапшы. Маман Петропавлдағы өндіріс ошағына жаңа инвесторлар тартумен айналысып жүр.
Александр Полторацкий, технолог-кеңесші:
Солтүстік Қазақстанда терінің құны жарты доллар. Ал мысалы, Ресейде оның бағасы екі есе қымбат. Бірақ Ресей, Украина, Беларусь шикізатты экспорттауға тыйым салған. Ал Қазақстанда теріні сыртқа шығаруға шектеу жоқ. Сондықтан қытайлар мұндағы терінің барлығын алып кетіп жатыр. Қазақстан төрт түлікке бай ел. Бірақ былғары зауыттардың тоқтап тұрғаны мені таңқалдырады. Жұмыс жандану үшін шикізатты шығаруға тосқауыл қою керек.
Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Владислав Косарев та сан мәрте көтерген болатын. Оның айтуынша, елімізде 2017 жылы 2 миллионнан астам тері өндірілген. Оның 306 мыңын отандық кәсіпорындар өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа саудалаған. Алайда экспортқа шығарылған терінің көлемі бұдан 3 есе көп.
Владислав Косарев бұл мәселені негізге ала отырып, Бас прокуратураға ресми сауал жолдады. Депутаттың пайымынша, нарықтағы алыпсатарлар шикізатты Қытай мен Түркияға жіберіп жатыр. Осының салдарынан еліміз жыл сайын 2 миллиард еуродан қағылып отыр. Ал мәжілісменнің сауалына жауап берген Бас прокуратура бұл проблеманың айқын екенін растайды. Депутат пен прокуратура мәліметтерінде алшақтық бар. Прокуратура тіпті шикізаттың 75 пайызын таппай отыр.
Қазақстанның Бас прокуратурасы: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәліметке сай, 2017 жылы Қазақстанда 2,86 миллион ірі қара мал терісі өндірілген. Оның 640 мыңы немесе 22 пайызы ел ішінде қайта өңделген. 102 мың тері сыртқа шығарылған. Ал шикізаттың қалған 75 пайызы немесе 2,118 миллион тері жөнінде құзырлы органда ақпарат жоқ.
Абзал Құрманкин, тілші:
Еліміздің Бас прокуратурасы шикізаттың заңсыз айналымын анықтау үшін тексеріс бастамақ. Ал Инвестиция және даму министрлігі өнделмеген теріні елден шығаруға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Ең бастысы, құзырлы органдар тексеріспен кешігіп қалмаса болды. Себебі сала мамандарының айтуынша, былғары зауыттарындағы жұмыс істемей тұрған қондырғылар 1-2 жылдан кейін мүлде жарамсыз болып қалуы мүмкін.
А.Құрманкин «Біздің уақыт».