Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Тақсай ханшайымы» табылған жерде кесене тұрғызылып жатыр!

AstanaTV
30.06.2018ж. 20:45
16588
«Тақсай ханшайымы» табылған жерде кесене тұрғызылып жатыр!

Оралдық археологтардың осыдан алты жыл бұрын «Тақсай ханшайымын» тапқаны мәлім. Жәдігердің түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы тұр. «Алтын ханшайымының» қабірін ғалымдар біздің заманымызға дейін V-VІ ғасырларға жатқызды. Оның тоналмай, аман қалғаны ғажап. Себебі алтын-күміс іздейтін «қара археологтар» қарап отырмайды. Көне қорымдарды жасырынып жергілікті тұрғындар ғана емес, Ресейден келетін келімсектер де қазады. Ал археологтар қазба жұмыстары кезінде небір тылсымға куә болғандарын айтады...Тақсай кешенін зерттеген топ мүшелері сол жылы жаппай сәбилі болғанын да киелі жердің құдіретімен түсіндіреді. Осы қорғанның құпиясын ашқан археолог Яна Лұқпанова үш жыл бойы Тақсай ханшайымы түсіне кіріп, маза бермегенін айтады. Тарихи ғажайыптар жайлы Еркін Кариннің материалы.  

Бұл – Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы аумағынан табылған «Алтын ханшайымға» салынып жатқан кесене.Тас жолдың бойындағы құрылыс жолаушылар көз тоқтатып қарайтын еңселі ғимаратқа айналмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдаған жергілікті меценаттар құрылысқа 8 миллион теңгесін қиыпты.

Мирхат Ибраев, БҚО Теректі ауданы мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы:

Ол біздің мақтанышымыз «Алтын ханшайым». Яғни мұндай алтын адам Қазақстан бойынша жетеу болса, соның бірі біздің ауданымызда.

Оралдық археологтар осыдан алты жыл бұрын тапқан «Тақсай ханшайымы» - ежелгі сарматтардың өкілі. Күтушілерімен бірге жерленгеніне қарап, сыйлы адам болғанын аңғару қиын емес. Бұл жаңалықтың отандық археология ғылымына қосқан үлесі өлшеусіз. Ал алтын әшекейлердің салмағы 3 келіге жуық.Осыны естіген «қара археологтар» да қарап қалмайды екен. Алтын шыққан жерді белден қазғысы келетіндердің ішінде жергілікті тұрғындар ғана емес, Ресейден келетін келімсектер де бар. Өкінішке қарай олар ғалымдардың да алдын орап кетіп жатады.

Талғат Манатауов, Долин селолық округінің әкімі:

«Алтын ханшайымның» өзі үш жарым метр тереңдікте дейді. Енді оны бір күннің нәрсесі емес, бет жағын қазып, астына жете алмаған жағдайлар ғой. Бет жағында жатқан нәрселер болса, алынған болар. Біздердің көргеніміз – қазылған жердің іздері. Ал ол енді бірдеме тапты ма, тапқан жоқ па, оны біз білмейміз.

Яна Лұқпанова, археолог:

Археологическая разведка бар ғой бізде плановый. Сонда Новопавловскінің айналасындағы обалар, Шыңғырлауға шықтық. Шыңғырлау ауданында үлкен обалардың ортасынан шұңқырлар қазып кеткен. Олар деген биылғы, былтырғы шұңқырлар. Соларды интернетке шығарып қояды. Бірақ звондағанда контактыға шықпайды. Біз өзіміз білейік деп едік, кім екен, қайдан тапқан?

Дей тұрғанмен «Тақсай ханшайымы» тоналмай аман қалған. Нақты дерекке ғана жүгінер мамандардың өзі мұны ғайыптың күшіне балайды. Өйткені қазба жұмыстары кезінде небір тылсымға куә болыпты. Тіпті қабірден сүйек табылғанда міндетті түрде жаңбыр жауатынына, түрлі елес пен тосын дыбыстарға еттері үйренген. Бір қызығы, Тақсай кешенін зерттеген топ мүшелері сол жылы жаппай сәбилі болғанын да киелі жердің құдіретімен түсіндіреді. Осы қорғанның құпиясын ашқан археолог Янаның өзі үш жыл бойы Тақсай ханшайымы түсіне кіріп, маза бермегенін айтады.

Яна Лұқпанова, археолог:

СОБР-лар (арнайы жасақтың сарбаздары) күзетіп, түнде түнеді сол жерге. Ешкім тонап кетпесін деп, ешкім келіп кетпесін деп обаның басына. Солар айтады: «түн сайын түнгі үште екі үкі келіп, үш рет айналып кетеді екен». Соны бізддер нанбай соны түнгі үште күзетіп отырғанда екі үкі келіп действительно айналып кетті. Ол ана сүйекті қорғағандай, может быть «Алтын адамның» аруағы болар. Біз сенбейтін едік мистикаға. Бірақ та сондай оқиғалар болды Тақсай басында.

Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына Батыс Қазақстаннан жеті нысан енгізілді.

Олар - ортағасырлық Жайық қалашығы, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, Тақсай обалар кешені, Жұмағазы хазірет қорымы, ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш жерленген жер, Күнбатыс Алашорда астанасы - Жымпиты және күйші Дәулеткерей кесенесі.

Қазақтың қай өлкесі де қасиетті. Сондықтан ондай мекендердің қатары бұдан да көп болуы тиіс. Осылай мақтанғанымызбен, оны зерттеу ісі әлі кемшін. Иен далада елеусіз жатқан мола мен құлпытас түгілі, көненің жұрнағына толы музейлердің де жағдайы мәз емес. Не маман жетіспейді, не қаржыдан тарығады. Сондықтан өңір тарихын реттейтін өлкетану ісіне мемлекеттің өзі араласуы керек.

Ерлан Рахимов, Майра Шамсутдинова атындағы ән-шығармашылық мұражайының басшысы:

Әрбір өңірде өлкетанушылар өте аз. Үлкен бір облыстарда біреу-екеу болуы мүмкін, кейбір өңірлерде болмауы да мүмкін өлкетанушылардың. Оның бәрі неден? Оның бәрі мемлекеттік қолдау болмағаннан кейін, арнайы бір солардың ортасы, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын орта болмағаннан кейін осындай жағдайға ұшырап отыр.

Тарихты түгендеп, кем-кетігін анықтау үшін қазба жұмыстарының орны бөлек. Осы жауапты іс жүктелген археологтар көне төбешіктерді қопарып, қорымдар құпиясын ашуға ұмтылады. Қағазда қатталмаған мыңжылдықтың деректерін топырақ қыртысынан тірнектеп жинауға тура келеді.

Еркін Карин, тілші:

«Тасқала оба-қорымын» қазуға археологтар осыдан бір апта бұрын кірісіпті. Жердің беткі қабатын сыпырған кезде бірден үш жауынгердің сүйегі табылған. Мамандар бұлар ақ гвардияшылар болуы мүмкін деген пікірде. Өйткені мойнында кресі бар және айналасы толған оқ-дәрі. Аяқ киімі де барынша жақсы сақталыпты. Дегенмен қазба жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Әлі де бір-екі метр тереңдікте мамандар темір дәуіріндегі құнды жәдігерлерге кезігіп қалармыз деген үмітте.

Айналасы анық көрінетін биік төбеден ор қазып, қорғанған жауынгерлер ақырында көмусіз қалыпты. Әкімдік бұл аумақтан үй салуға жер бөлген екен. Енді қазба жұмыстары толық аяқталғанша, құрылыс тоқтай тұрады.

Яна Лұқпанова, археолог:

Телефонға звондап айтты: үйге су өткізіп жатырмын. Үйдің ішінен сүйек тауып алдым, келіп кетесіз бе, деді. Барсақ үй деген обаның үстінде тұр екен. Астында сармат жатыр. Құмырасы бар, қылыштың сынған кішкентай бөліктері бар. Сондықтан үй салғанда, газ өткізгенде, су өткізгенде, т.б. құрылыс жасағанда археологтарды шақыруға міндетті түрде керек деймін.

Археологтар үшін бұл үйреншікті жәйт. Өйткені әр төбесі тарихқа тұнған дала киіз кітап секілді. Тек сол кітапты оқу оңай болмай тұр.«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих», оқулығы әлі де жұқа дерлік...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».