$522.42 €543.89 ₽5.28
×

Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық коалициясы Жер кодексіне қатысты өз ұсыныстарын айтты

AstanaTV
24.05.2016ж. 20:00
1956
Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық коалициясы Жер кодексіне қатысты өз ұсыныстарын айтты

Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық коалициясы қоғамда қызу талқыланып жатқан Жер кодексіне қатысты үндеу қабылдады. Бүгін Астанада елдің барлық саяси, қоғамдық ұйымдары жергілікті жерлерде нақты іспен айналысып жатқан шаруалармен бір үстел басына отырды. Егіс алқаптарындағы қызу жұмыстарын бір күнге қиып келген еңбек адамдары, ауыл шаруашылығын дамыту үшін Жер кодексін қабылдау керек, деген пікір білдірді. 

Бұл жиын өңір-өңірде нақты іспен шұғылданып жатқан шаруалардың ойлары саясаткерлер пікірлерімен қатар тыңдалған алғашқы жиын болды. Демократиялық күштер коалициясының басқосуында айтылған түрлі пікір ұйымның қорытынды үндеуінде көрініс тауып,  Жер кодексі бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысына ұсыныс ретінде беріледі. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жер сынды нәзік мәселе ашық диалог алаңдарында талқылануы тиіс деп жиынды ашты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Жер сияқты киелі мәселеге қатысты заң жобасының тағдыры митингтерде емес, осындай мейлінше ашық, анық жағдайда өтетін басқосулар мен сабырлы, салмақты, жан-жақты талқылауларда шешілуі керек. 

Басқосуға қатысушыларға Жер кодексінің көп талқыланған нормаларына қатысты ойларын ортаға тастауына мүмкіндік бар. Жиын ұйымдастырушылары бүгін шаруалардың пікірлерін тыңдауға тырысты. Төленді Шайхин - Қарағанды облысында 600-ға жуық гектар жерде кәсібін ширатып отырған шаруа. Жаңа жер кодексіне сәйкес жер телімдерін меншікке алуға мүмкіндік туса, ешбір шаруа өз жеріне қаражаты мен еңбегін аяп қалмайтынын айтады.

Төленді Шайхин, «Қоғабаев» шаруа қожалығының жетекшісі:

Өзіміз де қазір алып жатырмыз ғой. Бізде себелеп суару израильдік, америкалық суарма машиналары, оның барлығы инвестиция ғой, былай қарағанда. Жаңа технологияны өзіміз де кіргізіп жатырмыз. Шетелдің азаматынсыз-ақ жұмыс істеуге болады Қазақстанның жерінде.

Мың гектар жайылымдық жерді жалға алып, мал өсіріп отырған Бауыржан Нұғыманов та ниеті бар адамның бетінен қақпау керек дейді.

Бауыржан Нұғыманов, «Нұрдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі:

Ауыл шаруашылығына келем деген, істеймін дегендерге әр уақытта мүмкіндік беруіміз керек қой.

Бірнеше сағатқа созылған жиынның уақыт тығыздығына қарамастан, жиын соңында сөз сұраған еңбек адамдарының пікірлері тыңдалып, жиынның ұсыныстар құжатына тіркелді. Отандық кәсіпкерлердің сәлемін «Атамекен» палатасының мамандары жеткізді. Нұржан Әлтаев жаңа Жер кодексі Қазақстан экономикасының дамуының жаңа жоспары боларына сенімді.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Жанымызда 1,5 миллиардық Қытай нарығы жатыр. Жуырда 2 мың тоннаға жуық өсімдік майын сол жаққа жіберіп, 2-3 күннің ішінде саттық. Шаруалар жақсы табыс көрді. Осы мүмкіндікті игеру керек. Ол үшін ел азаматтары жердің иесі атануы керек. Оның игерілуі қоғамдық бақылауда болуы тиіс.

Игерілмей жатқан жерлерге шетелдік инвесторлармен қатар, заманауи технологияларды тартудан қашпау керек деген бизнесмендердің қатарында Райымбек Батталов та бар. Мысал ретінде Қытайда өзі салған томат зауытын алға тартты. Басқосуда айтылған сан алуан пікірдің ішінде жалпы бір ортақ мүдде бар. Ол - ауыл шаруашылығын дамыту. Оның жолдары мен түрлі тәуекел-мүмкіндіктері тізілген коалицияның үндеуі бір ауыздан қабылданды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ