Қостанайды сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме 1 жарым миллион тенге айыппұл төлейтін болды. Бұған тозығы жеткен құбырдан кеткен ақау себеп болған.
Кәріз құбыры жарылып, 5 мың текше метр шайынды су Тобыл өзеніне қауіп төндірген. Кәріз жүйесінің жарылғаны туралы әуелі жеке сектор тұрғындары дабыл қаққан. Құбырдан аққан лас су бірнеше күн бойы сай-салаға аққан. Абырой болғанда, суға жауапты кәсіпорын дер кезінде шара қолданып, шайынды өзенге жеткен жоқ, - дейді эколог-мамандар.
Сергей Мұқашев, Қостанай облысы бойынша экология департаментінің инспекторы:
Тұрғындардың арызы бойынша учаскіге барып тексеру жүргіздік. Шайынды судың төгілгені анықталды. "Қостанай-су" мекемесінің өкілдері лас қалдықтың көлемі 5 мың текше метрден асатыны туралы анықтама қағазын көрсетті. Коммуналдық мекемеге бір жарым миллион теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, "Қостанай-су" мекемесіне осымен екінші рет қомақты айыппұл салынып отыр. Көктемде саяжай маңындағы құбыр жарылып, жеті жүз мыңға жуық ақша төлеген еді. Олар кәріз жүйесінің 70 пайызы әбден ескіргенін айтады. Тозығы жеткен құбырды толық жаңғырту мүмкін емес. Дегенмен жарылған тұсын жамап, кейбір бөлігін ауыстырып жатқандарын жеткізді.
Виталий Панаетов, «Қостанай-су» МҚК бас инженері:
Диаметрі 720 болатын құбырдың 12 метрін жаңарттық. Шайынды төгілген аумаққа тазалау жұмыстары жүргізілді. Кәріз құбыры жатқан жерде газ құбыры бар, соны ажыратып қайта қосуға, маңайдағы ағаштарды кесіп, техника өткенше, біраз уақыт кетті.