Алматы облысы Шелек ауылының ауруханасында болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Мұнда кәріз жүйесінен шыққан улы газдан 4 адам уланып, үшеуі қайтыс болған еді. Бір адам жансақтау бөлімінде. Оқиға қалай болды? Қаза болғандар кімдер? Әріптесім Олжас Нұржақып тарқатады.
Қара шаңырақтың иесінен айырылған Мергенбаевтар әулеті бүгін қара жамылған. Қаза тапқан Даниярдың артында екі қызы жетім қалды. Балалар осыдан екі ай бұрын ғана аналарынан айырылған екен. Енді ұлынан айырылған отбасы ес жия алмай отыр.
Нұрсалбек Мергенбаев:
Жүгіріп реанимацияға кірсем, Даниярдың кеудесінен бастап искусственное дыхание жасап жатыпты. Ойбайлап-ойбайлап едім, аға-аға деп басқа бөлмеге алып кетті. Медиктер жұмыс істесін деп. Кешкі сағат 7-жарымдарда Даниярдың папасы қайда деді. Ей, жүрегім су ете түсті, неге шақырды деп. Екі қызы бар. Екі немерем. Кішкентай біреуі 2-ші класты бітірді, біреуі 3 класты бітірді.
Қаралы жайт кеше күндізгі сағат 12-лер шамасында болған. Кәріз жүйесін тазаламақ болған алдымен қос сантехник қара темірді ашып, ішіне кірісімен уланып есінен танады. Көмекке сол маңдағы екі дәрігер ұмтылған. Олар да тура солай талып қалады. Құтқарушылар келіп төртеуінде сыртқа шығарғанымен, үшеуін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қос сантехник - ауылдық аурухананың қызметкерлері. Күнделікті жұмысын атқару барысында техника қауіпсіздігін сақтамаған, дейді аудандық орталық аурухана өкілі. Жансақтау бөліміне жеткіздік, тіпті аудандық, облыстық ауруханадан арнайы бригада да көмекке келді.
Дидар Айтжанов, Алматы облысы еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:
Емге қарамастан, өкінішке орай, сағат 17-де екінші сантехник Ермек 69-шы жылғы қайтыс болды. Дәрігер-травматолог Мергенбаев Данияр 84-ші жылғы, осы реанимация бөлімінде 9 сағат бойы оған медициналық көмек көрсетілді. Бірақ, өкінішке орай, сағат 21-00-де мәйіт болды. Қазіргі таңда Өтемісов Жандос 88-ші жылғы осы аурухананың реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы қазіргі таңда бірқалыпты. Жағдайы жақсарды.
Дей тұрғанымен, техника қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы масканы аурухана беру керек еді. Осылай деген аурахана қызметкерлері сол кезде адам өлімі болмас па еді дейді.
Раушангүл, Алматы облысы Шелек ауылдық ауруханасының санитары:
Күнде тазалайды да жүреді, аз-аздан тазалап жүр ғой бұлар. Соны до конца тазалайтын машина болу керек қой. Үкіметтен бөліну керек қой. 5-6 мың теңгеге тазалай салса, 3 адам бұлай өлмейді ғой. Маскалар жоқ па? Жоға алып бермеген ғой. Үкіметтен ақша бөлінеді ғой. Тіпті мына больницаға да бөлінеді ақша.
Қазір қаза болғандардың денелері мәйітханадан туыстарына берілген. Ертең жер қойнына тапсырмақ. Ал қайғылы жайт болған аурухана ауласына әріптестері, жақындары гүл шоқтарын қоюда.
Өте жақсы кісі еді. Иманды болсын.
Облыстық ішкі істер департаменті аталған дерекке қатысты тергеу жұмыстарын бастаған. Кінәлілер анықталса, кемінде 7 жылға бас бостандығын айырылуы мүмкін, дейді ресми өкіл.
Көбейхан Нұрахмет, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеу біріңғай реестеріне тіркелді. Қазір Қылмыстық кодекстің 156 бабы 4 тармағы, яғни, «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» фактісі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Екі не оданда көп адамның өліміне әкем соққан іс-әрекет бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Сондықтан облыстық ішкі істер департаменті бұл жұмыстарды қатаң бақылауында ұстайды.
Олжас Нұржақып, тілші:
Үш адамның өмірін қиып, бірін аурухана төсегіне таңған кәріз жүйесі осы. Қазір темір қақпақ жабулы. Аурухана ауласы да тым-тырыс. Тек мұнда марқұм болған жандардың жүзін еске алған гүл шоқтары ғана.
Олжас НҰРЖАҚЫП