$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов туралы біздің материалдан соң...

AstanaTV
07.07.2018ж. 20:45
7325
Тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов туралы біздің материалдан соң...

Ерлердің арасынан шыққантұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов жайлы былтыр қазан айында материал берген едік. Алматылық тілшіміз азын-аулақ болса да, құнды деректер тапқан зерттеушімен, әйгілі Болат Аюхановпен әңгімелесіп, кейіпкердің бейнесін ашуға тырысқан. Себебі ол туралы мәлімет аз. Әріптестері де көп тіс жара бермейді екен. Біздің сюжеттен соң Алмас Бекбосыновтың тұлғасына жерлестері мән бере бастапты. Оншақты күн бұрын туған ауылында арнайы еске алу кеші өткен – деректер іздестіріліп жатқаны, оны жалпы көпшілікке таныстыруға қадам жасалғаны айтылды.

Мергенбай Құттымбетов, Жамбыл облысы Кенен ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы: 

Мен архивте сіздердің сюжеттеріңізден кейін бір айдай отырдым. Әрине, басшылыққа алынған сіздердің еңбектеріңіз. Онсыз біз мұны білмейтін де едік. Ауылымызға ардақтымыз оралды. Міне, бүгін барша халық жиналып, осы кісінің рухына басымызды иіп, келелі әңгімелер айтып жатыр. Халық бар ғой, осы жерде бір толғаныста отыр.

Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосынов Орталық мұрағаттан табылған дерек бойынша 1924 жылы өмірге келген. Әкесі Бекбо­сын Диханбаев қазіргі Қордай ауданында жылқышы болған. Жиын-тойда би билеп жүрген Алмастың өнерге қабілеті барын білген соң, туыстары 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түсіріп, сол жерде екі жыл білім алады. Тума талант 16 жасынан бас­­тап Қазақ мемлекеттік филармониясында, одан соң Абай атындағы опера және балет театрында солист болған. Оның Америкаға гастроль кезінде билеген «Көкпар» биіне көрермендер орнынан тұрып, тасырлата қол соққан! Небәрі 50 жыл өмір сүрген кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов халқымыздан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапаловамен жұптасып та өнер көрсеткен. Осы күнге дейін ұмыт болып келген өнер иесінің есімін ел есінде қалдыру үшін жерлестері Жамбыл облысы аумақтық ономастика комиссиясына өтініш жолдап отыр.