$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыда 086 медициналық анықтамасы 2500 теңгеге сатылып келген

AstanaTV
05.07.2018ж. 20:00
4815
Қарағандыда 086 медициналық анықтамасы 2500 теңгеге сатылып келген

Қарағандыда 086 медициналық анықтамасы 2500 теңгеге сатылып келген. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары мәлімдеді. Анықтама азаматтардың психо-неврологиялық, наркологиялық саулығы мен туберкулезден амандығын растайды. Ол құжат оқу орнына түсерде және жұмысқа орналасарда талап етіледі. Құжатты жасаған алаяқтар ма, дәрігерлер ме? Айжан Қуаш жауап іздеп көрді. 

086 формадағы жалған анықтама осы. Қаладағы Көгілдір Тоғандар ауданындағы 4-інші емхананың атынан берілген. Дәрігерлердің қолы да, мөрі де бар. Медициналық құжатты «құпия сатып алушыға» белгісіз Арман есімді жігіт 2500 теңгеге әкеліп берген. Тіпті "анықтама алуға көмектесемін", - деген хабарландыру жарнама сайттарынада жария болған. 

Берік Ахметов, облыстық мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ департаменті басшысының орынбасары:

Анықтаманы бір азамат алып келді. Оның аты-жөнін айта алмаймыз. Егер де жаңағы мөрлердің шындығы расталса, онда айтуға болады, жаңағы дәрігерлік мекеменің қызметкерлерінің қатысы бар екендігін. Адам өзі барып медкомиссияны өтпей қалай? Бұл - қылмыс.

Әдетте психиатр мен нарколог, фтизиатр секілді 3 бірдей маманнан сау деген қағаз алған соң ғана берілетін 086 қағазын осылай оп-оңай алуға болады ма? Мұндай заңсыздық қоғамға қауіпті. Әдетте жалған анықтама алатындардың туберкулез немесе психикалық ауытқулармен есепте тұрған науқастар екенін ескерсек, олардың кесірінен талай адам ауру жұқтыруы мүмкін, - дейді тексеру комиссиясы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаевқа ескерту жасалып, қызметтік тексеру жүргізу тапсырылды. Дегенмен, ол қызметкерлеріне шаң жуытпады.

Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Жалған анықтама жасалуы мүмкін. Бірақ дәл бұл анықтаманың біздің емханаға еш қатысы жоқ. Мұндағы мөрлердің барлығы ескі үлгі. Біз оны тексеріп растай аламыз.

Бірақ, жалған анықтамада неліктен 4-інші емхананың көрсетілгені түсініксіз. Құжатты сатқан жігіт дәрігер емес, деді департамент мамандары. Делдалдың жалған қағазды қайдан алғаны да беймәлім. Аты аталған емхана мамандары бұл құжаттың өздеріне тиесілі емес екенін айтты.

Салтанат Шайдарова, Қарағанды қалалық №4 емхана директоры:

Біріншіден, анықтамада біздің бір де бір дәрігеріміздің аты-жөні көрсетілмеген. Жәй ғана қаламмен 4- інші емхана деп жаза салған. Нөмірі де жоқ. Мөрде де емхана нөмірі жоқ, әрі онда үшбұрыш мөр басылыпты, біздікі дөңгелек. Қағазға қол қойған мамандардың ешқайсы бізде жұмыс істемейді.

Айжан Қуаш, тілші:

«Осылайша 4-інші емханада қызметтік тексеру басталып кетті. Жалған анықтама сараптамаға жіберілген. Тексеру комиссиясы барлық деректерді тергеу орындарына тапсырды. Жалған медициналық құжатқа дәрігерлердің қаншалықты қатысы барын енді полиция ғана анықтай алады.

Айжан ҚУАШ