Алматыдағы екінші деңгейлі банктер 10 алматылыққа «7-20-25" бағдарламасымен жеңілдетілген несие берген. Алғашқы пәтерге қол жеткізгендер бүгін пәтерлерін көрсетті. Президенттің бастамасы шілденің алғашқы күндері ресми түрде қолға алынған болатын. Жеңілдетілген несиеге қай қалаларда сұраныс жоғары? Ришат Асқарбекұлы тарқатады.
Нарбота Бақытхан 9 жыл бұрын Алматыға Талдықорғаннан көшіп келген. Осы күнге дейін жалданбалы пәтерде күнелтіпті. Үш жыл бұрын банктен есеп-шот ашып, қаражат жинауды бастаған. Бүгінге дейін 3 млн. теңге жинап, жаңа бағдарламамен пәтердің алғашқы жарнасын төлеуге мүмкіндік алдым, дейді. Ол бүгін жаңа пәтерге кірді.
Нарбота Бақытхан, Алматы қаласының тұрғыны:
Бір бөлмелі үй. 43 шаршы метр. Ол 13 млн 600 мың тұрады. Банке 20 пайызын, 2 млн 800 мың алғашқы жарнасын құйдым. Ал қалғанын 20 жылға бөліп төлеймін. Бұйыртса, біраз жылдан кейін, ертерек жабамын деп ойлаймын. Сосын үй өз басымда қалады
Нарботадан бөлек бүгін тағы 10 алматылық жаңа пәтер алды. Оның екеуін екінші деңгейлі банктердің бірі Астанадан беріп отыр. «Баспана» ипотекалық ұйымының серіктес банкі «Центркредитбанкі» елімізде 6 аймақтың тұрғындары белсенді екенін айтады.
Тимур Ишмұратов, «Центркредитбанкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Алматы, Астана, Өскемен, Ақтау және Қостанай облыстары бойынша пәтер алғысы келетін тұрғындар саны өте жоғары. Біз құжат тапсыруға келетін адамдар легінің артатынын болжап отырмыз. Аймақтардағы банк бөлімшелері бұған дайын. Қызмет көрсететін әлеуетіміз де жетеді.
Қайрат Алтынбеков, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы:
Жалпы сұраныс өте көп. Call орталықтарымыз, сайтымыз бар. Серіктес банктеріміз де бар. 25 жыл - шектік мерзім, соның ішінде қалаған уақытта несие алушы жауып тастауға құқығы бар, оған айппұл жоқ.
Қазір бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 7 серіктес банктің аймақтық филиалдары мен бөлімшелері жұмылдырылып отыр. «Баспана» ипотекалық ұйымының дерегінше, өткен үш күнде 3 мың адам құжат өткізген. Тұрғын үй бағдарламасына ел бюджетінен 1 трлн теңге қарастырылған. Оны игеру мерзімі әзірге шексіз.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ