Бүгін Ақтауда театр және кино актеры Нұрмұхан Жантөринге арналып қойылған ескерткіштің ашылу рәсімі болып өтті. Шара Астананың 20 жылдығы мен Жантөриннің 90 жылдығына орайластырылған. Қазақ ССР-інің халық әртісіне арналған ескерткіштің ашылуына өңірдің басшылары мен халқы түгел жиналды.
Театр және кино актеріне арналған ескерткіштің қандай болары көпшілікке құпия болды десе де болады. Нәтиже көптің көңілінен шықты. Жиналғандар алғыстарын білдіріп жатты. Ескерткішті орнату мақсатында Алматыдан келген мамандар бірнеше ай бойы тынбай еңбек еткен болатын. Театр тарландары да бұл сәтті асыға күткен. Енді міне, жұмыс көпшіліктің қошеметіне бөленіп отыр.
Нұрнияз Мұқанов, Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театр директоры:
Бұл Нұрмұқанның біздің теарт алдында тұрған ескерткіші жастарға рух беретін, дем беретін күш-қуат сияқты болып елестейді. Жантөрин ағамыздың тұғыры әрқашанда биік болып, биіктей бергей. Бұл ескерткіштің қойылуы облыс әкімінің бастамасы. Барлық халық пен өнер саласының атынан үлкен рахметтен өзге ештеңе де айтпаймын.
Монумент авторы - Ақтауда бірнеше тұлғаға арнап ескерткіш салып үлгерген Көшер Байғазиев. Монумент биіктігі 2 метрден асады. Ескерткіш облыс әкімінің қала тұрғындары мен театрға деген тосын сыйы десе де болады.
Сағын Қрымқұлов, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңес төрағасы:
Біздер оқып жүрген студен кезде ағамыздың талай спектакліне барып көрдік. Бір жағынан театрда істесе, кейін кино саласына ауысты. Дарынды әртіс. Ондай дарындар бір ғасырда бір рет қана туады. Сондықтан Маңғыстау халқы мынаны зор қошеметпен, құрметпен қарсы алып жатыр.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театр Қазақстандағы ең жас театрдың бірі болып есептеледі. Биыл 15-жылдық мерейтойын атап өтпек. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен әртістер келеді. Жергілікті спектакльдер де көрермен назарына ұсынылады.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
Астананың 20 жылдығы - ерекше той. Биыл Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдық тойы да тосып тұр. Сондықтан үлкен той алдында, Астана күні қарсаңында осындай ескерткіш ашуға шешім қабылдадық. Үлкен той тек Маңғыстау халқының емес, бүкіл қазақ халқының тойы десек, артық айтқандық емес.
Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін облыс әкімі Президент бұйрығына сай «Астана 20 жыл» мерейтойлық төс белгісімен өңірдің еңбек ерлерін, кәсіпкерлерді, сондай-ақ мұнай саласының ардагерлерін марапаттап өтті.