$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық қондырғылардың тең жартысы тозған

AstanaTV
09.07.2018ж. 20:00
2817
Солтүстік Қазақстан облысында медициналық қондырғылардың тең жартысы тозған

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық қондырғылардың тең жартысының тозығы жеткен. Кейбірі тіптен істен шыққан. Сондықтан өңір тұрғындары басқа облыстарға қатынауға мәжбүр. Тілшіміз Абзал Құрманкин мәселе қашан, қалай шешілетінін біліп келді. 

Абзал Құрманкин,  тілші:

Қызылжар өңіріндегі медициналық қондырғылардың  47 пайызы тозған. Бұл денсаулық сақтау басқармасы мамандарының ресми мәліметі. Кейбір құрылғылардың пайдаланылғанына 10 жылдан асқан. Мәселен, облыстық ауруханада 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан магнитті-резонансты томография қазір жұмыс істемейді. Ал бұл қондырғыға теріскейде сұраныс жоғары. Тұрғындар тұла бойын тексеру үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Бүгінде бұл қызмет түрінен қағылған жұрт ресейлік мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Майра Оспанова,  Петропавл тұрғыны:

Облыстық ауруханаға хабарласып едім, бірақ бұл құрылғының жұмыс жасамайтынын айтты. Сондықтан Омбы қаласына шығып, зерттеу жасауға тура келді. Баға жағынан өте алшақтық жоқ. Бірақ, мен ойлаймын, ол жақта нақты 100 пайыз айтады.

Клавдия Красникова, Петропавл тұрғыны:

Қазақстан бай, технологиясы дамыған ел болып саналады. Сондықтан билік ең алдымен халыққа назар аударуы тиіс. Тұрғындардың медициналық қызметке ие болу үшін шетелге барғаны дұрыс емес.

Василий Петров, Петропавл тұрғыны:

Мемлекеттік ауруханаларға жеке клиникалар да көмектесуі тиіс. Дәл осындай қондырғыларды орнатып, халыққа қызмет көрсету керек. Біреуінде техника істен шықса, халық абдырып қалмай, бірден өзгесіне жүгінеді.

Магнитті-резонансты томографияның шаң басып тұрғанына 2 ай болған. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жөндеу жұмыстарына шамамен 40 миллион теңге қажет деп отыр. Атқамінерлер бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында шепшек

Дәуренбек Бейсембаев,  СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: Магнитті-резонансты томография бірінші рет сынып отырған жоқ. Дәл осындай қондырғының жаңасы шамамен 300 миллион теңге тұрады. Қазір не ескісін жөндеу, не жаңасын сатып алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бәлкім, бұл жоспарымыз мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында жүзеге асып қалар.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бүгінде Солтүстік Қазақстанда 300 мыңға жуық медициналық қондырғы бар. Былтыр оны жаңартуға облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, биыл 700 миллион теңге қарастырылған. Мамандар осылайша қондырғылардың тозу көрсеткішін 30 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр.