$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елде бес мыңға жуық сотталушы бостандыққа шығуы мүмкін - Қ. Қожамжаров

AstanaTV
10.07.2018ж. 20:00
2835
Елде бес мыңға жуық сотталушы бостандыққа шығуы мүмкін - Қ. Қожамжаров

Елде бес мыңға жуық сотталушы бостандыққа шығуы мүмкін. Қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытындағы заң жобасына президент қол қойған. Мұны Бас прокурор мәлімдеді. Бұдан былай түрмеге жаппай қамау тоқтатылып, айыптының жазасы жеңілдетіледі не төлейтін айыппұлдары азайтылады. Кейбірі бостандығынан шектеліп, қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Ал ауыр қылмыстық істі тергеу мерзімі 5 жылға қысқартылмақ. Бас прокуратураның жарты жылдық есебін Ғалия Мұхамбетқызы тыңдап келді.

Тұтынушының тиынынан теңге құрап, өз шығынын жауып келген жарық берушілердің қитұрқы әрекетін прокурорлар әшкере қылды. «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-і төлем құнын заңсыз өсіру арқылы 1 млрд 300 мың теңгені 800 мың абонеттің қалтасынан алған. Осы сияқты заңсыздықтарды қосқанда тұтынушыларға 7 миллиард теңге қайтарылған. Осылайша прокурорлық қадағалау жарты жыл ішінде 3 млн азаматтың құқығын қорғапты. 

Қайрат Қожамжаров, ҚР Бас прокуроры:

Еңбек саласында 27 мың заңбұзушылықтар анықталып, 45 мың азаматтың құқықтары қорғалды. Жарты млрд-қа жуық төленбеген еңбекақы қарыздары төленді. Қадағалау актілері бойынша мемлекетке 7 млрд-қа тең ақша қайтарылды. Сондай-ақ азаматтық істерге қатысу барысында 15,6 млрд теңге көлемінде залал келтіруге жол берілмеді

Осы залалға жол берілмеу мақсатындағы жобаның сандық үлгісінің бірінің  шарапатын көретін күн алыс емес. Бас прокуратураның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының құқықбұзушылық картасының ақылды патруль модулі бойынша жұмыс жүзеге асырылмақ. Болашақта бұзақылық әрекеттің ізін суытпай ашуға камера-куәгер көмектесетін болады.

Қайрат Жақыпбаев, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика жәна арнайы есепке алу комитетінің төрағасы:

Оның маңыздылығы - сол қылмыстық қауіп төніп тұрған жерді дәл анықтай алады. Яғни болжам жасап, құқық қорғаушыларды бағыттайды. Ал ұрлық әрекеті болған жағдайда, оның нақты қай жерде, қай уақытта орын алғанын дөп басып көрсетеді. Сәйкесінше, бұл тергеудің тез жүргізілуіне ықпал етеді.

Жарты жылда ұсталғандар мен қамауға алынғандардың саны 3 есеге төмендепті. Бас прокуратураның ықпалымен Жоғарғы сот 300-ге жуық сот үкіміне өзгеріс енгізген. Нәтижесінде 12 адам ақталған.  

 Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы