$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Автобустардың қатысумен болатын жол-көлік оқиғалары азаймай отыр

AstanaTV
12.07.2018ж. 20:00
3732
Автобустардың қатысумен болатын жол-көлік оқиғалары азаймай отыр

Жолдағы адам өлімі. Жыл басынан бері жолаушылар автобусының қатысуымен болған апаттан 20 адам мерт болған. Оған жүргізушілердің жолда ұйықтап кетуі мен жол ережесін бұзуы себеп. Бұл Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің дерегі. Қоғамдық ұйым өкілдері қайғылы жағдайлар бақылаудың аздығынан болып отыр дейді.  Алматыда қалааралық тасымалдаушылар жолаушыларды автобекеттерден емес, базарларда тұрып жинауды доғарар емес. Тілші тарқатады.

Мынау Алматыдағы "Барлық" базары. Бұл жерден күніне 50-60 автобус Түркістан және Жамбыл облыстарына, тіпті Ташкентке баратын жолаушыларды жинап, жолға шығады. Біз тілдескен кәсіпкер Манана Мырзақожаеваның екі автобусы бар.

Манана Мырзақожаева, жеке тасымалдаушы:

Бізде тұрақты жолаушылар тасымалы жоқ. Автобустың салоны толған соң, кез-келген уақытта кетеміз. Сондықтан базарларға келіп тұрамыз. Ал автовокзал аумағынан жүру бізге тиімсіз. Себебі белгіленген уақытта жолаушы болса да, болмаса да жүруге міндеттіміз.

Алматыда «Барлықтан» бөлек, «Арлан» және «Қазына» базарларынан да жеке автобустар жолға шығады. Қаладағы "Үш қоңыр" автобекеті директорының айтуынша, Алматы - Тараз - Шымкент бағыты бойынша тәулігіне 200-ге жуық автобус қатынайды. Олардың тең жартысы тұрақты жолаушылар тасымалымен айналыспайды.

Батыр Әшірхан, «Үш қоңыр» автобекетінің директоры:

Қандай жүргізуші отыр рөлде. Ол алдында ұйықтаған ба, ұйықтамаған ба?! Екі водитель болуы керек, әр төрт сағат сайын ауысып, жеткізуі керек. Оған ешкім қарап жатқан жоқ қазір, базарлардан шығады. Себебі тасымалдаушылар туралы заң солқылдақ боп тұр, ол біздің құзырымызда емес.

Бұл мәселе бүгінгі күні қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің назарында. Олар жолаушы тасымалы үшін автобекет пен базардың мәртебесін бекітуді жақында арнайы қарайтындарын айтты. 

Нұрлан Жазылбеков, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі:

Бір автовокзалдарда жүргізушінің денсаулығын тексеретін, көлікті тексеретін қызметтер жоқ. Олар сұрап білуімізше, рейстен түнгі сағат бірде келеді де, түнгі сағат үште қайтадан жолаушыны алады да, шығып кетеді. Бірнеше жыл бұрын түнде жүруге тиым салынған болатын. Бірақ ол заң неге орындалмай отыр? Алдағы уақытта мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, осы талапты қойып, автовокзалдар жұмысын жақсартуға еңбектенеміз.

Көбіне жолаушылар қауіпсіздіктен бұрын, діттеген жерге тез жетуді бірінші қояды. Ал, оның арты кей кездері өкінішке алып келеді. Өткен аптада «Қордай» асуында жолаушылар автобусы апатқа ұшарады. Көлік тізгінініде 25 жастағы жүргізуші болған. 1 адам қаза тауып, 41 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Аударылған автобус сол күні жолаушыларды «Барлық» базары маңынан отырғызып, жолға түнделетіп шыққан.

Ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитетінің дерегінше, өткен алты айда елімізде 6700 жол-көлік оқиғасы болып, 700 адам қаза тапқан. Ал автобустардың қатысуымен болған апаттан 20 адам мерт болыпты.

Биыл қаңтар айында Ақтөбе облысында 52 адамның өмірін қиған жантүршігерлік апаттан соң жолаушылар тасымалына қатысты кешенді тексерулер жүргізілген. Бірақ жолаушыларды арнайы автобекеттен емес, сауда орындарының маңынан жинап алып, сапарға шығатындар бұл тексерістен тыс қалған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Осы күнге дейін қаларалық жолаушылар тасымалымен айналысып келген «Сайран» және «Саяхат» бекеттері қазір қайта жаңғырудан өтіп жатыр. Бірі туристік орталыққа айналса, екіншісі Құлжа тас жолының бойынан қайта бой көтереді. Олардың жабылуы бір шетінен жолаушы тасмалдаушыларды базар жағалауға итермелеген.


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ