Штаттан тыс келісімшарт бойынша жұмыс істейтін азаматтар ай сайын зейнетақы жарнасын төлеуге міндетті. Ол тапқан табыстың 10 пайызы. Бұл туралы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері мәлімдеді. Осы арқылы көлеңкеде жасырынған конверт жүйесін құртып, ел азаматтарының ертеңіне үміт сыйлау көзделіп отыр. Ол қандай мүмкіндік? Жаңашылдық қашан, қалай жүзеге аспақ? Әріптесім Олжас Нұржақып заңи өзгеріске үңіліп көрді.
Азат 15 жыл бойы тұрақты жұмыс істеген. Бірақ соңғы 3 жылдан бері келісімшартпен жұмыс істейді. Несие алуы мұң болып келген азамат жаңалықты естіп қуанып отыр.
Азат, Алматы қаласының тұрғыны:
Жұмысқа кіргенде бірден айтқан, пенсионный фонд жоқ деп. Бірақ жұмыс болмаған соң, амал жоқ, келісіп кіріп кеттік. Енді содан бері жұмыс істеп жүргеннен кейін мына заң шыққаны жақсы болды. Пенсионный фонд төленгені дұрыс қой мына заманда.
Бірақ бұған жеке кәсіпкер Нұржан разы емес. 6 жылдан бері баспа ісінде жүрген оның 10 шақты жұмысшысы бар. Жалақының 10 пайызын банкке аударатын болса, қызметкерлерінен айырылып қалу қаупі бар.
Тірлігіміз алға бассын деп, енді-енді қадам басып келе жатқанымызда, осындай жүктеулер, медсақтандыру - бәрін қосқанда үлкен ақша шығайын деп тұр. Сондықтан қиналып қаламыз ба деп қорқамыз.
Ал заңгер заңды қолдап отыр.
Сергей Уткин, заңгер:
Сол арқылы ол ресми түрде жұмыс істейтіндігін дәлделдейді. Несие рәсімдейді, ипотекаға қатыса алады. Тіпті сол жиналған қаражат ертең қартайған шағында қандай да бір керегіне жарайды. Зейнетақы беріледі. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан жасалған дұрыс қадам.
Дегенмен «Зейнетақымен қамсыздандыру» заңының 25-бабына енгізілген өзгеріс шілденің 14-де күшіне енбек. Оны төлеу - барлығына міндет. Жарна мөлшері тапқан табыстың 10 пайызын құрайды. Бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгіленген норма бойынша. Яғни ең төменгі жалақының 10 пайызанан кем болмауы және ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан аспауы тиіс. Келісімшартпен жұмыс істейтін азаматтар ай сайын банкке жүгірмес үшін, ол міндет жұмыс беруші заңды тұлғаларға жүктелуі мүмкін. Қор мамандары Еңбек министрлігіне осындай ұсыныс жолдапты. Ал егер міндетті жарна төленбесе, айыппұл салынбақ.
Қадыржан Забих, «БЖЗҚ» АҚ бұқарамен байланыс департаментінің директоры:
ИП-да, мысалға, он шақты адам жұмыс істесе, соның директоры әрбір қызметкеріне зейнетақы жарнасын міндетті түрде аударып отыруға тиісті. Егер ол аударылмаған жағдайда, сол жерде жұмыс істеп жүрген адам өтінішімен салық органдарына арыз беруіне құқылы. Сол бойынша салық органдары басшыны заңдық негізде қудалап, өсімдерді қолдана отырып қызметкерлері үшін зейнетақы жарналарын міндетті төлетуге құқықтары бар.
Зейнетақы қоры мамандарының айтуынша, өткен жылы 400 мың адам штаттан тыс жұмыс істегеніне қарамастан, зейнетақы қорына жарна аударып келген. Алайда олар міндетті жарнадан кейін фрилансерлер саны қаншаға ұлғаятынын айта алмай отыр.
Олжас
НҰРЖАҚЫП