«7-20-25» бағдарламасы ресми іске қосылғалы 100 мыңға жуық адам банкке барып, кеңес алған. Егер қызығушылық осындай болса, бөлінген қаражат жыл соңына дейін игерілмек. Мұны "Баспана" ипотекалық компаниясының өкілдері мәлімдеді. Жеңілдетілген несиеге қызыққандар әсіресе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ұзын-сонар кезек тудырды. Қазір банк мамандары кезекті азайтудың амалдарын қарастыруға кіріскен. Ірі қалалардағы тілшілеріміз мән-жайды білді. Қазір олар студиямен байланыста. Сабина, сөз кезегі өзіңізде.
Сабина Мәдиқызы, тілші:
Рахмет, Ләйлә.... Бұл "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" Астанадағы филиалдарының бірі. Баспана алудан үміттілер таңнан бері осында сабылып жүр. Ұзын-сонар кезек болған соң жұрт бірнеше сағаттан бері таблоға үңіліп отыр. Балаларымен бірге сағаттап отырғандар да бар. 4 балалы Смаиловтар отбасы да 2 жарым сағаттан бері менеджерден кеңес ала алмай отыр. Алғашқы жарнасын депозитте жинаған олар 2 бөлмелі пәтер алудан үмітті.
Салтанат Жапарова, Астана қаласының тұрғыны:
Кезек өте ұзақ. Адамдар өте көп. Бір адамды кемінде бір жарты сағат деп айтсам да болады. Ұзақ күттік. Қазір кіріп отырмыз. Сағат бір болды ма? Біз 10-да келген адамбыз.
Банкке келушілер соңғы 3 күнде бері 2 есеге артқан. Бұған дейін күніне 900 адамға қызмет көрсетілсе, қазір 1800-ге жуық тұрғынды қабылдауға мәжбүр.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры:
Және оған қоса, халықтың көп келіп жатқаны бүгінгі таңда бізде «Өз үйім» бағдарламасы бойынша бізде 3-4 объект бойынша документ қабылдап жатыр. Одан қалды «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тапсырылған үйдің 300 адамының қазір рәсімдеп жатырмыз. Соған сәйкес қазір адам көп.
Мұнда келушіер арасында ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін мекеме уақытша басқа бөлімдерден қызметкерлерін де тартыпты. Кеңесті бейнебайланыс арқылы да алуға болады. Ол үшін телефон не компьютер арқылы баспана.кз сайтына қосылу керек. Алматыдағы банк бөлімшілерінде кісі қарасы көбейген көрінеді. Олжас, мегаполистегі ұзын-сонар кезек қалай азайтылмақ?
Олжас Нұржақып, тілші:
Иә, Сабина. Адам санының артқанын, кезектің көбейгенін мұндағы банк мамандары жоққа шығарып отырған жоқ. Оны жою үшін мобильді топтар құрылған. Жұрт банкке ағылмас үшін менеджерлер әр жұмыс орнына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Алматыда құрылған 8 топта шамамен 26 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа шешім нәтиже берсе, жақын күндері дәл осындай жұмыс күшін өзге өңірлерде де құру жоспарда бар.
Мақсат Тұрғынбек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы қаласы филиалының басқарма басшысы:
Банкте бүгінгі таңда, өкінішке орай, кезекте адам саны өте көп. Сол себепті біздер мобильді топтарды құрып, сол адамдардың өздерінің жұмыс орнына барып, презентация өткізіп, осы сұрақтарға жауап беріп жатыр. 5 күннің ішінде 60-тан аса мекемелерде болып, әр мекемеде орташа 50-60 адамға жуық адамға презентация жүргізіп, сұрақтарға жауап беріп жатыр.
Ал «7-20-25» бағдарламасы ресми іске қосылған күннен бері 100 мыңға жуық адам банкке барған. «Баспана» ипотекалық компаниясы баспасөз хатшысының сөзіне сүйенсек, бұл биылға жоспарланған қаржы соммасының 60 пайызын құрайды. Бірақ, олардың өтініші мақұлдана ма, жоқ па ол жағын екінші деңгейлі банктер өздері шешетін көрінеді.
Айбар Олжай, «Баспана» ипотекалық компаниясының баспасөз хатшысы:
95 несие мақұлданды. Жалпы соммасы 1 млрд 83 млн теңге. Жалпы «7-20-25» бағдарламасына халық тарапынан қызығушылық өте көп. Қазір өте белсенді банктер қатарынан «Центркредит» пен «АТФ» банкін айтуға болады.
Олжас Нұржақып, тілші:
Дәл осындай қарқынмен жалғаса берсе, жыл аяғына дейін жоспарланған жүз миллиард теңгені жұмсауға толық сенім бар, дейді ресми өкіл. Бастысы, халық бағдарлама бойынша қазір 7 банктің жұмыс істеп жатқанын ескерсе болғаны. Ал жыл аяғына дейін тағы екі екінші деңгейлі банк бұл іске қосылмақ. Сол кезде кезек қатары да азаюы әбден мүмкін. Ләйлә....
Рахмет, Олжас! Айта өтейін, студиямен тікелей байланысқа шыққан әріптестерім Сабина Мәдиқызы мен Олжас Нұржақып болатын.