$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Дәрігерлердің айтуынша, темекі бағасы қымбаттағанымен, шылымқорлар азаймай отыр

AstanaTV
13.07.2018ж. 20:00
3349
Дәрігерлердің айтуынша, темекі бағасы қымбаттағанымен, шылымқорлар азаймай отыр

Қазақстанда шылымға сұраныс азайған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының дерегі осы. Оған темекі акциздері бағасының көтерілуі себеп дейді. Ал, кейбір дәрігерлердің пікірі бұған керіағар. Әріптесім Жақсыбек Кемал тақырыпты зерттеп көрді.

Ақтөбе тұрғыны Аманғос Сағынаев 40 жылдан бері темекі тартады. Енді ол бұл әдетінен арылғысы келеді. Өйткені күніне екі қорап шылым алу қалтаға салмақ салған. Өзі бірнеше рет тастауға әрекеттенген. Жаман әдеттен арылу үшін енді мамандар көмегіне жүгініп отыр. 

Аманғос Сағынаев:

Енді бірдеме жетпейді. Как наркотик сияқты ғой, сондай. Қалтаға тиеді. Енді не істейміз? Амал жоқ. Уже 40 жыл тартып жатырмыз.

Денсаулық сақтау министрлігі темекіге тәуелділерді емдеу үшін жергілікті емханалардың жанынан арнайы кабинеттер жасақтаған. Ақтөбеде бүгінгі күні 6 емханада осындай бөлмелер бар. Дәрігерлер көк түтінге тәуелді адамдарды емдеу өте қиын екенін мойындайды. Келетіндердің басым бөлігі - ұзақ жыл шылым шеккендер дейді. Сондықтан емдік шаралары да ұзақ жүреді. 100 адамның 10-15-і ғана мақсатына жететін көрінеді. Сондықтан темекі қымбаттағанмен, оны тастағандар азайған жоқ деді. 

Айнұр Аханова, Ақтөбе қалалық  №2 емхананың дәрігер-терапевті:

Бұрынғы қалпында келіп тұрады. Ол ешқандай да бағаға әсер етіп жатқан жоқ. Қалай көп адам жіберіп жатыр, солай. Айына біз 15-20 адамды емін-еркін жинап алып отырмыз. Бір дәріс жүргізгеннен кейін ай сайын олармен сөйлесіп және 3 ай сайын шақырып, нәтижесін алып тұрамыз. Көбіне 6 айда, бір жылда, бір жарым жылда қояды.

Қостанай облысында жарты жылда 4 500 адам арнайы кабинеттерге жүгінген. Оның 500-ге жуығы темекіден бас тартыпты.

Диана Ахмедьянова, Қостанай қаласы №4 емхананың дәрігері:

Әуелі қаншалықты шылым шегуді қойғысы келетіндігін анықтап аламыз. Яғни сауалнама өткіземіз. Сауалнаманы сараптай отырып, темекіге тәуелділік деңгейін анықтаймыз. Соған байланысты неше күн жұмыс істеу керектігі белгілі болады. Жарты жылдың ішінде алты адам темекіні тастады. Біз оларды үнемі қадағалап отырамыз.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының дерегінше, шылымқорлар әсіресе Алматы облысы мен Астана қаласында көп. Ал, керісінше, аз тұтынатындар Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары екен. Соңғы зерттеулер бойынша ел тұрғындарының 22,5 пайызы темекіге тәуелді.

Жәмила Батақова, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының жетекшісі:

Бүкіл әлемде темекі өнімінің бағасы 10 пайызға өссе, оны тұтыну көлемі 4 пайызға азаяды. Сәйкесінше, бізде акциздер бағасын кезең-кезеңмен көтерумен бірге шылымды тұтыну көлемі азайғанын да аңғарып отырмыз. Бұл идеология әсіресе жастарға бағытталған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбелік дәрігерлер аймақта әр екінші ер адамның темекіге тәуелді екенін айтады. Облыс орталығындағы шылым шегуге қарсы кабинеттерге соңғы 7 жыл ішінде мың жарымдай адам ғана көмек сұрап келген. Ақ халаттылар «шылымқорлықтан арылу үшін әр адам алдымен медицинаға емес, өзінің ерік-жігеріне сену керек» дейді.

Жақсыбек Кемал, Заңғар Санай