$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Солтүстік Қазақстандағы Архангел ауылы карантинге жабылуы мүмкін

AstanaTV
13.07.2018ж. 20:00
2950
Солтүстік Қазақстандағы Архангел ауылы карантинге жабылуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысындағы Архангел ауылындағы малдан бруцеллез анықталды. Барлығы 150-ге жуық ірі қара аталған дертке шалдыққан. Алайда елді мекен әлі күнге дейін карантинге жабылған жоқ. Ал ауру енді ауыл тұрғындарына жұға бастапты. Індеттің жағдайы жөнінде аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Тоғжан Жарқынбаева бірнеше жылдан бері төрт түліктің басын көбейтіп, содан нәпақа тауып жүр. Алайда, биыл қос сиыры сарыпқа шалдығып, пышаққа ілінді. Бұл аз болғандай, жақын арада індетті отағасы да жұқтырып, ауруханада төсекке танылған. 

Тоғжан Жарқынбаева:

Көктемге шыққанда малдарымыз шықты, ауру болды деді. Менің екі сиырым кетті. Одан біраз анализ беріп, тексеріп жүрдік. Енді қазір күйеуім де бруцеллезбен ауырып жатыр, жайдан жай. Жолдасым төрт күннен бері жатыр. Емделіп жатыр. Бруцеллез деген жаман ауру. Бәрі дұрыс болса екен деп ойлаймыз.

Абзал Құрманкин,  тілші:

Бұқараның айтуынша, ауылдың малы дертті осы шаруашылықтан жұқтырған. Егінді кәсіп еткен жергілікті іскер былтыр мал шаруашылығына бет бұрып, өзге жақтан 200 асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Алайда, қазақтың ақбас сиыры ауру болып шыққан көрінеді. Бүгінде малдың тек 60 басы ғана қалып, кәсіпорын карантинге жабылды.

Ауыл әкімінің айтуынша, бұл шаруашылық қараша айында оқшауланған. Ал ауылда карантин жақын арада енгізілмек. Жыл басынан бері тұрғындардың 26 ірі қарасы бруцеллезді жұқтырған.

Ирина Рыбакова, Архангел ауылдық округінің әкімі:

26 ірі қара арнайы қасапханаға жіберілді. Ауылды карантинге жабу үшін мен бүкіл құжаттарды жинап, әділет департаментіне тапсырдым. Олар маған шілденің тоғызы күні менің өтінішімді мемлекеттік тіркеуден өткізді. Енді ветеринарлар жақын арада біздің ауылды карантинге қоймақ.

Сарып ауруының өршіп тұрғанын аудандық ветеринарлар да растап отыр. Оның көзін жою үшін олар тексеріс жұмыстарын жиі жүргізетіндерін айтады.

Есмағзам Құдасов, Қызылжар аудандық ветеринарлық стансасының директоры:

Бұл ауылда республикалық індетке қарсы жасақ жұмыс істеп жатыр. Олар 21 күн сайын малдың қанын сараптамаға жібереді. Малдың қанында дерттің белгілері әлі де бар. Егер бруцеллез екі рет қатарынан анықталмаса, онда аурудың беті қайтты деген сөз. Біз осылай ғана дерттің көзін жоя аламыз.

Қазір ірі қарасынан айырылған жұрт мемлекет тарапынан өтемақыны талап етіп отыр. Айтуларынша, билік өкілдері малдың жарты құнын өтеуге уәде берген. Жыл басынан бері теріскейде бруцеллез індеті шамамен 600 малда анықталған. Бұл елдің орташа көрсеткішінен 3-ге есе кем, дейді құзырлы орган өкілдері.

А.Құрманкин