Алматыда
ақпараттық технологияға бейім балаларды тәрбиелеуге бағытталған бірнеше жоба
жұмыс істей бастады. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «100
IT-сынып» және ақылды кітапханаларды дамытуға арналған «Co-working»
орталықтарын айтуға болады. Қаладағы оқушылар сарайында мамырда «IT- сынып» ашылған
еді. Онда бағдарламалау, математика, робототехника саласы бойынша дәріс
жүргізіледі.
Биыл 5-ші сыныпты бітірген Матвей Рыбалкин жаңа құрылғы ойлап
тапқан. Оның қиялынан туған «Интеллектуалдық дәрі салғыш» - сыныптағы ең үздік
жобалардың бірі. Қондырғы дәрі ішуді ұмытып кететін адамдарға көмекке келеді.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамар Дүйсенова Матвейдің жобасын жоғары
бағалады. Партия хатшысы оны биыл қарашада Астанада өтетін өнертапқыштар
көрмесіне қонаққа шақырды. Тамара Дүйсенованың айтуынша, Елбасының «Цифрлы
Қазақстан» жобасын халыққа түсіндіру аздық етеді, ел арасынан шыққан
өнертапқыштарға нақты қолдау қажет.
Матвей Рыбалкин, өнертапқыш:
Құрылғының арнайы қалташасына қажетті дәрі салынады да, ондағы арнайы түймелердің көмегімен будильник қойылады. Егер науқас адам оятқыштың дауысын естімей қалған жағдайда, телефонына қысқа хабарлама келеді. Сондай-ақ құрылғыда қажетті дәрі-дәрмектер таусылып қалса да, арнайы хабарлама ескертеді.
Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
Біздің мақсатымыз - ертең балалардың бәрі бағдарламашы болсын немесе инженер болып кетсін деу емес. Мектеп бітіріп шыққан соң ақпараттық кеңістікте өздерін еркін ұстауға мүмкіндігі болады. Себебі қазір интернетке кірсек те, сандық бағдарламаларға кірсек те үлкендер болсын, жастар болсын, үлкен барьерлер бар. Қазірден бастап жаңа ақпараттық жаһандануға бейімдеу мәселесін қарастырып отырмыз.
Сондай-ақ,
түстен кейін партия хатшысы Жамбыл атындағы кітапханада ашылған «сo-working»
орталықта болды. Мұнан соң жастарға арналған
«Smаrt. Point Almaty» орталығында жастармен кездесті.