$540 €630.72 ₽6.72
×

Бидайдың әр гектарына берілетін субсидияға биыл өзгеріс енгізілмейді - АШМ

AstanaTV
25.05.2016ж. 20:00
Бидайдың әр гектарына берілетін субсидияға биыл өзгеріс енгізілмейді - АШМ

Бидайдың әр гектарына берілетін субсидия көлеміне биыл өзгеріс енгізілмейді. Бұл туралы Қостанай облысына арнайы іссапармен келген  Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. 

Тобыл өңіріне ат басын тіреген министр әуелі  танаптардың ылғалдылығын тексеріп, егіс науқанының қарқынымен танысты. Биыл  аймақта 4,7 млн гектар алқапқа дән егіледі деп жоспарланған. Соның 3,7 миллион гектары бидайдың үлесінде. Дихандар қазіргі таңда тұқым себілетін алқаптың 66 пайызын межелеп үлгерді. Келесі аптада егін егу науқаны аяқталады деп жоспарланған. Алқап басында өткен жиында жерге қатысты мәселелер талқыланды. Өңір шаруалары өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын жеткізді. Егіншілерді толғандырған ең өзекті мәселе - демеуқаржы жайы. 

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл мәселеге біз ақылдасып, пайымдап, бәрін ескеріп барып, шешімдер қабылдаймыз. Ал кезінде қабылданған шешім - ол саяси шешім. Соны іске асыру үшін заңнамалардың бәрін өзгерту керек. Бүгінгі таңда заңнаманы өзгерту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар жылдың аяғына таман аяқталады. Сондықтан да биыл субсидия бұрынғы ереже бойынша берілетін болады. Ол жөнінде әкімшіліктерге айттым. Қаржыны ұстап тұруға ешқандай негіз жоқ.  

Заңғар САНАЙ