Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ұзақмерзімді келісімшарт дәрі-дәрмектің арзандауына әкеледі - "СҚ-Фармация"

AstanaTV
17.07.2018ж. 20:00
3128
Ұзақмерзімді келісімшарт дәрі-дәрмектің арзандауына әкеледі - "СҚ-Фармация"

Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектің бағасы тұрақты болады, ал кепілдендірілген медициналық көмек кешіктірілмейді. Сала мамандары осылай деп уәде беріп отыр. Фармацевтер бірыңғай дистрибьютор "СК-Фармациямен" ұзақ мерзімді шарт жасаса болғаны. Монополист компания жақында байқау жариялап, өз талаптарын жеткізді. Бірақ отандық препараттарды өндірушілер жұмысын  жаңғыртуы тиіс. Тілші тарқатады.

Жеңілдікпен дәрі алатындарға қажетті препараттардың кешігуі нағыз проблема. Бірі амалдың жоқтығынан сарылып күтсе, енді бірі дәріханадан сатып алуға мәжбүр. Денсаулық сақтау министрлігі дәріні жеткізудегі кедергілер мен тендердің кешіккенін айтып сан мәрте ақталған. Енді мұндай болмайды деп отыр. Отандық дәрі-дәрмек өндірушілермен 10 жылдық шарт келеңсіздіктерді жояды және бағаны тұрақты ұстап тұрмақ. "СҚ-Фармация" отандық компаниялардың дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарын сатуына көмектесетін шарт жасасады.

Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:

Отандық немесе шетелдік инвестор нарыққа енуді шешіп, «мен жаңғыртуға, өндіріс алаңын сатып алуға немесе жаңасын құруға дайынмын» десе, біз қазіргідей онымен келісімшарт жасаймыз. Яғни әлеуетті инвестор немесе жеткізуші оны жеңіп алады. Әрі қарай, сәйкесінше, "СҚ-Фармацияның" арнайы нұсқаулығымен 10 жыл бойына  дәрілік өнімдері жеткізу құқығына ие болады. 

Бүгінгі таңда "СҚ-Фармация" тізімінде жалпы құны 196 млрд теңгені құрайтын 1 196 атауы бар түрлі медициналық препарат тіркелген. Оның 464-і Қазақстанда шығарылып жатыр. Құны 42 млдр теңге. Яғни отандық өндірушілердің қаржылық үлесі 30%-ды құрайды. Саны жағынан 70%-ға жеткен. Пайыздағы айырмашылық импорттың қымбаттығымен байланысты. Ұлттық экономика министрлігі 50 ұзақ мерзімді шарт жасасудың арқасында жергілікті тауар шығарушылардың өндірісі 2017 жылмен салыстырғанда 42 пайызға өскенін айтып отыр. Дәрі-дәрмектердің көбі ағзаның қорғаныш тапшылығы вирусы, қант диабеті,жүрек-қан тамырларына ауруларына қажетті.

Жариялаған байқаудың мерзімі шектеулі, 25-ші шілдеге дейін. Жаңа міндетті мойнына алатын мекемені Денсаулық сақтау Министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлiгiнен құрылған комиссия анықтайтын болады. Басты талап - жобамен жұмыс жасау деңгейі, қаржыландыру көзі, жер учаскесімен қамтамасыз етілуі. Ал "СҚ-Фармация" мемлекеттік тапсырысты 3 236 атаумен толықтырады. Келісім-шартты жасау барысында өндіріс орнын екі жыл ішінде жаңғырту немесе қайта салуға, сондай-ақ медикаменттер тіркеу міндеттелді. Содан соң барып, отандық тауарөндірушілер 10 жыл бойына мемлекеттік тапсырыспен қамтасыз етіледі. Өндіріс мамандары бұдан ешкім ұтылмайды дейді.

Ринат Құбатаев, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы:

Біріншіден, бұл тұрақты баға. Өндірушілер қалай болғанда да бизнесінің болашағын бағамдай алады. Бағаның тұрақсыздығына алаңдамайды. Екіншіден, валютаның бағамына бағынышты болмайды. Өндірісте дәрілік препараттары талаптарға сай, сапасына кепіл бар. 

Жылдың басында шетелден келетін препарттар тапшылығы науқастардың жанына батқан. Отандық өндірушілермен мұндай проблема туындаған жоқ. Ал дәрі-дәрмектің сапасы мен бағасына орай таңдау жасау тұтынушының өз еркінде.