Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Құтқарушылар Атыраудағы «Ақ Жайық» резерватындағы қамыс өртін екі күннен бері өшіре алмай жатыр

AstanaTV
17.07.2018ж. 20:00
3394
Құтқарушылар Атыраудағы «Ақ Жайық» резерватындағы қамыс өртін екі күннен бері өшіре алмай жатыр

Осымен екінші күн Атыраудағы «Ақ Жайық» мемлекеттік-табиғи резерватындағы өртті тоқтату мүмкін болмай отыр. Тілсіз жау ерекше қорғауға алынған аумақтың 20 гектарын жалмап үлгерді. Қамыс өртінің түтіні тұрғындар тынысын тарылтты.  Атырау тұтастай қара түтінге көмілді. Онсыз да экологиясы шатқаяқтап тұрған «мұнайлы астананың» тұрғындары есік-терезелерін тұмшалап, үйлеріне тығылды. Тек кешкісін жаңбыр жауып, біраз басылғандай болғанымен, жел күшейіп,  өрт қайта лаулады. Қазір  резерваттың 30 маманы мен алты техникасына, төтенше жағдайлар департаментінің төрт көлігі мен 20 өрт сөндіруші көмекке барды. Алайда қамыс қопа күшті желмен қайта-қайта тұтанып бой бермей отыр,- дейді мамандар.

Нұрлан Жаңабаев, Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

Бұл жерде өрттің желмен таралуына байланысты және өрттің, қопа дейміз гой, резерваттағы өшірген жағдайда келесі желден  тұтанып кетіп тұр қайта-қайта. Желдің күштілігінен ұйтқып тұр қайта-қайта. Бізде қазір Төтенше жағдайлар департаментінің балансында тікұшақ жоқ. Бірақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы бар. Соны пайдаланамыз. Қазіргі уақытта басына барып, дрон аппаратымен көріп, шолу жұмыстарын жүргізіп келдік. Бірақ өрт ошағын әркелкі болуына байланысты өшіру эффект бермейді деп ойлаймыз.

Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда мемлекеттік қорғауға алынған табиғи резерваттың басшылығы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Бұл аздай Каспий теңізінің Исатай аумағындағы жағалауында да қамыс өрті басталыпты. Ол сулы-батпақты жерге болғандықтан, оған жету мүмкін емес,- дейді құтқарушылар.