Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында «Айбын-2018» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Шара осымен дәстүрлі түрде 4-ші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мақсат - болашағын әскери қызметпен байланыстырған жастардың талантын ерте анықтап, қолдау көрсету. Биылғы жиынға елдің әр облысынан 600-ден астам қатысушы келген. Әріптесім Дәуренбек Бақдәулетте шараға қатысып, әскери техниканың озық түрлерін тамашалап келді.
Сценарий бойынша ел шекарасын бетперде киген белгісіз топ басып кірген. Қарулы топ шекара маңындағы шағын ауылды бетке алып барады. Орталықтан «қылмыстық топтың жолы кесілсін» деген тапсырма келді.
Бұйрық мүлтіксіз орындалды. Қарсылас қалт бұрылып үлгерместен, қолы кісенделді. Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл әскері қуатты елдің, іргесі тыныш, тәуелсіздігі тұрақты болатынын жақсы біледі. Сондықтан ел қорғайтын сарбаздың мектеп жасынан жіті дайындықтан өткенін қолдайды.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мектеп жасындағы балалардың сан түрлі ағымдар, түрлі топ жетегінде кетпеу үшін бұл үлкен тәрбиелік мәні бар. Өзге де мемлекеттермен ынтымақтастық жарастыра отырып, өзімізді көрсете білуге, сынай білуге тәжірибелік үлкен маңызы бар. Біз бұған ерекше мән беруге тиіспіз. Бұл тек даурықпа әңгіме емес, бұдан жетіледі, қаншама адам әскер қатарына тартылады.
5 күнге жалғасатын жоба жасы 14-тен енді асқан ұл-қыздар үшін нағыз әскери өмірдің ащы-тұщысын сезінуге жол ашады. Әскерлермен бірге тамақтанып, бірыңғай тәртіпке бағынады.
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
Айбын болашағын әскермен байланыстырған жастар үшін таптырмас тәжірибе алаңына айналды. Биылғы жиынға елдің әр облысынан 600-ден астам қатысушы келген. Олар 5 кун бойы дәл осы лагерьде жатып, әскери тәртіпті ішінен көріп, сезінеді. Бұл арнайы солай жасалған. Себебі темірдей тәртіппен қатаң ереже жас ұланды шынықтыра түсетіні хақ.
Бек Русланұлы, «Жетісу» командасының мүшесі, Алматы облысы:
Тікұшақпен келіп атқылап жатқанын көру - ол бізге деген сенімді арттырады да, біз сенімді боламыз, бізді қандай адамдар қорғап жатқанын және қандай адамдарға сенетінімізді... Менде сондай адамдардың бірі болуға тырысамын.
Әскери-патриоттық жастар жиыны 17-21 шілде аралығында өтеді. Қатысушылар робототехника, киберқауіпсіздік сияқты жаңадан келген, жедел игеруді қажет ететін сала бойынша да білімдерін жетілдірмек.