Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Керекуліктер табиғи апаттың салдарымен әлі де алысып әлек

AstanaTV
18.07.2018ж. 20:00
3220
Керекуліктер табиғи апаттың салдарымен әлі де алысып әлек

Жаңбырдан жапа шеккен керекуліктерге әкімдік көмек көрсетуге асықпайды. Шаһарда екі жүзге тарта үй іргесін нөсер шайып кеткен. Су сору жұмыстарын қолға алғанмен, жердің кебетін түрі жоқ. Келтірілген шығын көлемі әлі белгісіз. Әкімдік оны өтеуге құлықсыз дейді, ашынған тұрғындар.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бұл құрылыс алаңы емес. Іргесінен су кірген үйдің қазіргі кейпі. Амалы таусылған тұрғындар еденнің астындағы суды кептіру үшін тақтайларды жұлып тастауға мәжбүр. Бір кездері қонақ күткен залдың қашан қалыпқа келетінін ешкім айта алмайды.

Көлкіген суды қанша сорғанмен іргеден қайта құйылады. Виктор Парфеновтың айтуынша, қара су жарты-ақ сағатта толып кетеді. Сондықтан күнара арнайы техника шақыруға мәжбүр. Көктемдегі жағдайдан соң бөлмелерді бетондаған. Бірақ оның өзі қалың суға шыдас бермей шытынап кеткен. 

Виктор Парфёнов, Павлодар қаласының тұрғыны:

Еденнің асты шылқыған су. Бәрі бүлініп жатыр. Қабырғалар 70 см-ге дейін дымқылданған. Тыныс алу мүмкін емес. Әкімдікке көрші-қолаңмен бірнеше мәрте шағымдандық. Бірақ, көмегі шамалы. Балалар мен әйелдер ауылға кетті. Ініміз екеуміз өз күшімізбен қалыпқа келтіріп жатырмыз.

Тап осы жағдайға 2-Павлодар аумағындағы екі жүзге тарта үй тап болған. Қабырғалары көгеріп, едені опырылып кетіпті. Кейбірінің іргестасы сыр берген. Жеті жыл бұрын баспанасын ипотекаға алған Жылбек Мұқатаев кімге шағымданарын  білмейді. Үшінші топтағы мүгедек несиені өтеп біткенше, «үйім құлайды» деп алаңдайды.

Жылбек Мұқатаев, Павлодар қаласының тұрғыны:

Көмектері екі машина бардюр әкелді ескі, сосын бір машина құм берді, болды сонымен. «Өздерің келе бермеңдер әрқайсың" дейді. "Өкілдерің бар, сол кісі келеді» дейді. Ол кісіге айтсақ, «мен бармаймын, өздерің барыңдар» дейді. Білмеймін қайда баратынымызды. Не үміт, не қайыр жоқ.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы өкілдері аумақта су сору жұмыстары күшейтілгенін мәлімдеді. Оған 5 арнай техника тартылған.

Александр Бровко, су сорғызу көлігінің жүргізушісі:

Кеше алты үйдің суын сорғыздым. Бүгін мынау төртінші адрес. Кешке дейін тағы болады. Әкімдіктің тапсырмасымен бәрі тегін жүргізілуде. Жертөледен, баспана мен бау-бақшаға жайылған суды сорғызып жатыр.

Төтенше жағдай жарияланған жоқ. Сол себепті зардап шеккендерге шығын өтелмейді. Әкімдік құрылыс материалдарын берумен шектелмек. Оны үлестіруге жергілікті «Нұр Отан» партиясы жауапты. Партия түскен өтініш бойынша жұмыс жүргізетінін айтты.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ