Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«KEGOC» компаниясында 2018-2019 жылдың күзгі-қысқы маусымына дайындық қызуда

AstanaTV
20.07.2018ж. 20:00
2736
«KEGOC» компаниясында 2018-2019 жылдың күзгі-қысқы маусымына дайындық қызуда

Қыстың қамын жазда ойла. «KEGOC» АҚ-да 2018-2019 жылдың күзгі-қысқы маусымына дайындық қызып жатыр. Жөндеуден әуе электр жеткізу желілері және электр қосалқы станциялары өтеді. Ағымдағы жылы 100-ге жуық желіні жөндеу көзделген.

Бұл аумақ электр қуатының патшалығы десе болады. Оның Орталық және Солтүстік Қазақстанның электр тораптарымен байланысы бар. Астанада алда-жалда жарық болмай қалса, қаланы құтқаратын электр күретамыры осы. Оның 24 сағат бойы қалтқысыз жұмыс істеп тұрғаны маңызды. Сондықтан «KEGOC»  компаниясы күзгі-қысқы маусымға дайындықты осы бастан қолға алған.

Ержан Күдербаев, «KEGOC» АҚ Ақмола аумақтық электр тораптарының басшысы:

Жылдағы дайындық. Көктем басталысымен сәуірден 1 қазанға дейін осы жұмыстарды жүргіземіз. Мұның барлығы Қазақстан ұлттық электр торабының сенімді жұмыс істеуіне және жүктемелердің максимумдары күзгі-қысқы кезеңінде сәтті өтуіне септігін тигізеді. 

Биылғы жоспарға сай 98 желі мен 81 бірлік қосалқы станция жабдығының жөндеулері көзделген. Сонымен қатар ғимараттар, құрылыстар, көлік құралдары қалпына келтіріледі. Түрлі қосалқы бөлшектер мен материалдардың апаттық қоры және жанар-жағармай қоры толықтырылады.

Бауыржан Арыстанов, «KEGOC» АҚ пайдалану департаментінің директоры:

Қазіргі таңда кернеуі 500 киловольт әуе желісінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2018-2019 жылғы қыс маусымына дайындық кезеңінде мұндай жұмыстар Қазақстанның барлық аумағында жүргізіледі. Бұл жоспарға сай жұмыстар. Бірінші қазанға дейін барлық жөндеу аяқталу қажет. Одан соң қысқы мезгілге дайындық төлқұжатын алу үшін тиісті есептер Энергетика министрлігіне жіберіледі.

«KEGOC» АҚ - Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы. Ұлттық электр торабының ұзындығы шамамен 25 мың шақырым 0,4-1150 килоВольт электр жеткізу желілері мен қуаты 36,7 гигавольт ампер трансформаторлары бар 78 электр қосалқы станциясы жұмыс істеп тұр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ