Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қостанай соты 15 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алған Ресей азаматшасын жазаға кесті

AstanaTV
23.07.2018ж. 20:00
2851
Қостанай соты 15 жыл бойы Қазақстаннан заңсыз зейнетақы алған  Ресей азаматшасын жазаға кесті

Қостанай соты 15 жыл бойы заңсыз зейнетақы алған Ресей азаматшасын жазаға кесті. Айыпталушы 3 жылға шартты түрде сотталды. 73 жастағы зейнеткер жаза мерзімі аяқталғанға дейін пробациялық бақылауда болады. Сот үкіміне сәйкес қарт ана 3 айдың ішінде 3 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өз еркімен өтеуі тиіс. Зейнеткердің заңсыз әрекеті туралы Заңғар  Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Зейнеткердің жымысқы әрекеті қалалық екінші сотта қысқартылған тәртіпте қаралды. Сот барысында сотталушы бейне түсірілімге түбегейлі қарсылық білдірді. Бір қызығы, талапкер тараптың өкілі, яғни «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қостанай филиалының қызметкері Татьяна Катайлова да өзін көрсетпеуді сұрады.

Іс материалына сәйкес, айыпталушы 2000 жылы Ресей Федерациясының зейнетақы қорына тіркеліп, оған көрші елдің зейнетақысы тағайындалған. Ал, 2003 жылы ол Қостанай облысындағы халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жазып, өзге елдерде зейнетақы алмайтындығын жазбаша көрсеткен. Корпорация қызметкерлерін алдап соққан Ресей азаматшасы 15 жылдан бері 4 миллионға жуық қазына қаражатын қалтаға басқан. Прокурор зейнеткерге 3 жыл шартты түрде жаза тағайындауды сұрады.

Бауыржан Бейсембаев, Қостанай қалалық прокуратурасының аға прокуроры:

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190 бабы 3 бөлігі 1 тармағы бойынша соттан Литвинованы кінәлі деп тануын сұраймын. Және 63 бапты қолдану арқылы 3 жыл шартты түрде жаза тағайындалып, жаза мерзімі өтелгенше пробациялық бақылауда болсын.

Зейнеткер кінәсін бірден мойындады. Ол заңсыз әрекетті білместіктен жасағанын айтты. "Ресейде қос азаматтықпен жүре беруге болады. Біздің елде де солай шығар деп ойладым",- дейді жауапкер. Сондықтан адвокаты соттың жеңіл жаза тағайындауын сұрады.

Ольга Кузнецова, Қостанай қалалық №2 сотының судьясы:

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес жасаған қылмысы  үшін Лидия Литвинованы кінәлі деп танып, сот үкімімен 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63 бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты түрде болып есептелсін. Жаза мерзімі өтелгенше сотталушы пробациялық бақылауға алынсын!

Заңсыз әрекеті әшкерленген соң зейнеткер 530 мың теңге көлемінде қазына қаражатын қайтарып үлгерген. Сот қалған 3 миллион 438 мың теңгені 3 айдың ішінде өз еркімен өтеуге міндеттеді.

Сергей Бзиков, Л.Литвинованың қорғаушысы:

Зейнеткер қалған ғұмырын алаңсыз өткізгісі келеді. Иә, ол қазынаға келтірген  залалды толық өтейді. Бірақ бір аптаның немес екі аптаның, бір айдың, тіпті  жарты жылдың ішінде төлейді деп айта алмаймын. Өйткені оның Ресей жақтан алатын зейнетақысынан басқа кірісі жоқ. Оның өзін қашан барып алатыны белгісіз.

Заңғар Санай, тілші:

Дегенмен, сот үкімі белгіленген уақытта орындалмаса, материалдық шығынды сот орындаушылары өндіретін болады. Айта кетейік, зейнетктер бұған дейін екі елдің азаматтығын алғаны үшін айыппұл төлеп, Қазақстанда тұру құқығынан айырылды. Бірақ ол жаза мерзімі аяқталғанша Қостанайдан аттап шыға алмайды.

Заңғар САНАЙ