Алматы орталығында екі автобустың соқтығысуынан соң ауруханаға жеткізілген 21 адамның бесеуі әлі ауруханада. Олардың біреуіне операция жасалған. Қалғаны түрлі жарақтапен ем алып жатыр. Арасында аяқ-қолдары сынған жолаушылар да бар. Науқастардың жағдайы туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары арнайы баспасөз мәслихатында айтты.
Нұржан Исабеков, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Негізгі жарақты мынау бас-ми жарақаты, аяқ-қол және жұмсақ жасушалардың зақымдануы, сырылуы. Аяқ-қолы сынғандар да бар. Жатқызылған аурулардың ішінде бір науқасқа операция жасалып, ол қазір операциядан кейін бөлімшеге аударылып, оңалып келеді.
Көлік апаты жексенбі күні сағат күндізгі 10-дар шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, Достық даңғылымен «Медеу» бағытына қарай бет алған №12 маршрутқа қарсы бағытқа шығып кеткен жолаушылар автобусы бет-бет келіп соқтығысқан. Алайда ереже бұзған қоғамдық көліктің рөлінде жүргізуші, ал салонында ешқандай жолаушылар болмаған. Қатты соққыдан өз бағытымен келе жатқан автобустың жиырмадан астам жолаушысы жапа шекті.
Бердалы Рысбеков, №12 бағытты автобус жүргізушісі:
Жолаушылардың қауіпсіздігін ойлап, өзім отырған бұрышты қойдым. Әдетте, барлық жүргізуші автоматты түрде бірінші өз жағын алып қашып, қорғанады. Жанымда бір-екі кішкентай бала тұрған, сондықтан ортаға өзімді салдым, жолаушылар көп зақым алмады.
Соқтығысып қалған екі жолаушылар автобусы да бір автопаркке қарайды. Бүгін "Алматыэлектротранс" кәсіпорнының басшылығы жапа шеккен жолаушыларға материалдық өтемақы төлеуге дайын екенін айтты. Ол үшін аталған мекемеге арызданып, медициналық анықтама алып келуі тиіс. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.