Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны өскен

AstanaTV
24.07.2018ж. 20:00
3144
Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны өскен

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны 9,3 пайызға өскен. Жыл сайын 600 бала дертке душар болатын көрінеді. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте қалалық педиатрия және хирургия ғылыми орталығының директоры мәлімдеді. Өкінішке орай, науқастардың 60  пайызы дәрігерге ауру асқынғанда келетін көрінеді. Аурудың белең алуына не себеп?  Олжас Нұржақып тарқатады.

Кәмшат 5 жастағы ұлымен бірге Тараздан келіп, Алматыдағы мына ғылыми орталықта ем қабылдап жүр. Қысты күні ауырған баласына алғашында тұмау тиді деп ем жасаған. Кейін жергілікті дәрігерлер қатерлі ісік деген диагноз қойыпты. Бірден Алматыға жетуге кеңес берген.

Кәмшат Зәлімтөреева, Тараз қаласының тұрғыны:

Бірінші протоколын жақсы бітірдік. Енді қазір ең соңғы екінші протоколындамыз. Бұйырса, август айының аяғында немесе сентябрь айының басында үйге кетеміз деген үмітпен отырмыз.

Кәмшаттың баласынан өзге, елде қатерлі ісікпен тіркеуде тұрған 4 мыңға жуық бүлдіршін бар. Мамандарды қатерлі дерттің балалар арасында дендеп бара жатқаны алаңдатады. 2016-шы жылы ел аумағында 558 баланың онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталса, былтыр 610 бала тіркелген. Яғни 9,3 пайызға өскенін байқауға болады. Тіркелгендердің  55 пайызы 3 пен 15 жас аралығындағы балалар.

Риза Боранбаева, ҚР ДСМ педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры:

Бұл балалардың бәрі емделіп кетеді деп айта алмаймын. Басты проблема  балалардың ауруы асқынғанда анықталатыны болып тұр. Әрине, диагноз қою сапасы жақсарғанымен әлі де ақсау бар. Оған дәлел ауру сатысының тіркелуі. Яғни бүгінде 60 пайызға жуық жастың ауру асқынғанда, III, IV санатқа жеткенде белгілі болып жатады. Ал I, II санаттағылар көрсеткіші 40 пайызды құрап тұр. Егер ерте анықталса, оны емдеу де, ауруынан айықтыру да нәтижелі болар еді.

Орталық директорының пайымынша, аурудың белең алуына жас мамандардың тәжірбиесіздігі де себеп болып отыр. Бұл олқылықты жою үшін қазір ғылыми орталық педиатрлар мен жалпы тәжірбиедегі дәрігерлерді үйретуді қолға алған. Одан бөлек заман талабына сай емшаралар жасау үшін шетелдіктермен де тәжірбие алмасу жолға қойылған. 

Жаңабай Жұмағазин, жоғары санатты онколог-уролог:

Кореяға барамыз, Еуропаның азаматтары келеді. Олар қалай емдеп жатыр, Біздер солардан үйренеміз. Қалмауға тырысамыз. Сол Еуропа, Американың жалпы жағдайымен бірдей деп ойлаймын.

Республикалық онкоорталықтарға келетін балалардың басым бөлігі оңтүстіктен. Одан кейін Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында көп кездеседі.

Олжас Нұржақып, тілші:

Айта кетейік, қатерлі ісікке шалдыққандарға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мемлекет бір емделушінің терапия курсына орташа есеппен 10-12 миллион теңгеге жуық ақша бөледі екен.

Олжас НҰРЖАҚЫП