Алматыда қаржыны мақсатсыз жұмсамақ болған монополист әшкере болды. Қалаға энергия жүйесін тарататын «Алматыэнергосбыт» кәсіпорны монополияға қарсы департаменттен 1 млрд 300 млн теңгені жасырып қалғаны үшін заң алдында жауап беріп жатыр. Прокуратураның тексеруі кезінде компания шығындарды артық көрсетіп, үнемделген қомақты қаржыны мақсатсыз жұмсамақ болыпты. Оны заңсыздық деп таныған құзырлы органдар энергокешенге айыппұл салды.
Тек зейнетақыға күн көріп отырған Балмұхамедовтер отбасы коммуналдық төлемдерге тарифтің жиі көтерілетініне шағымданады. Түбіртектегі жазуға үлкейткіш әйнекпен ғана үңілетін қариялар, онда не көрсетілсе, соны төлейміз, дейді. Бір тілім қағазда энергияға әр киловатт үшін 16 теңге 65 тиын деп белгіленген. «Алматыэнергосбыт» мекемесінің сайтында көрсетілген ең жоғарғы тариф те осы екен.
Майра Балмұхамедова, Алматы қаласының тұрғыны:
Төлемеске амал жоқ. Себебі қарыз деп келеді де тұрады. Бір пенсиядан бір пенсияға тірнектеп жетеміз. Неге хабарландыру жазып, қымбаттарда халықты шақырып, неге ақылдаспайды. Осы екі-үш ай ғана болды қымбаттағанына, төлейміз. Не істейміз біз. Шарамыз жоқ басқа. Біз үндемеген сайын қымбаттата береді бұлар.
«Алматыэнергосбыт» компаниясы Алматы мен Алматы облысының халқын электр энергиясымен қамтып, тұтынған электр қуаты үшін қаражат жинаумен айналысады. Монополист шығындарының артып кеткенін айтып, биыл мамыр айынан бастап тарифті көтеру туралы тиісті орындарға өтініш жолдапты. Бірақ энергокешен 2017 жылы өз шығындарын артық көрсетіп, 1 млрд 300 млн теңге қаржы үнемдегенін жасырған.
Ермек Молдақұлов, Алматы қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры:
Тұтынушыларға ақпаратты дұрыс бермегені үшін және тиісті тәртіпті бұзғаны үшін 30 млн теңге айыппұл салынды. Монополиялық мүмкіндіктерін пайдаланып отыр. Себебі "Алматыэнергосбыт" қаладағы басты энергия тасымалдаушы болғандықтан, осы қадамға барып отыр деп ойлаймыз.
Осыдан кейін прокуратура қалалық монополияға қарсы департаментке биыл тарифті көтермеу туралы ұсыныс хат жолдайды.
Осылайша, энергокомпанияға биыл тарифті 16,36 теңгеден 16,90 тиынға көтеруге жол берілмеген. Тиісінше, 800 мың тұтынушының құқығы қорғалды. Прокурорлар жарты жылда өзге де монополист компаниялардың тарифті көтеруіне жол бермей, халықтың 5 млрд теңгесі қалтасында қалған.
Белгілі экономист Петр Своик тариф саясатындағы құйтырқылықтар мұнымен аяқталмайды деп есептейді. Себебі құзырлы органдардың монополистерге жүктеген айыппұлы бәрібір тұтынушының есебінен төленеді деп отыр.
Петр Своик, «Тарифтің ашықтығы» қауымдастығының төрағасы:
Прокурорлар іске араласып, қандай да бір заңбұзушылықтарды анықтағаны дұрыс. Ал сол салынған айыппұлды монополист қандай қаражаттан төлейді?! Сол біздің қалтамыздан түскен қаржымен есептеседі. Шын мәнінде энергокешендердің технологиясы, сатып алу жүйесі, экономикалық пайдасы мен шығынын жақсылап қараса, былық жетеді. Ал 1 млрд теңгені мақсатсыз жұмсады дегені бергі жағы ғана.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
«Алматыэнергосбыт» кәсіпорны біздің жолдаған сұрау хатымызды жауапсыз қалдырды. Мекеме прокуратураның шешіміне қарсы уәж айта алмаймыз деп қысқа қайырды. Компанияның бұл монополиялық жағдайды теріс пайдаланып, заңды алғаш бұзуы емес. Былтыр «Алматыэнергосбыт компаниясы» себепсіз электр энергиясын өшіргені үшін, сот шешімімен 29 млн теңге айыппұл төлеген.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ