Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Соңғы екі жылда Түркістан облысында 93 адам құлдықтан құтқарылған

AstanaTV
25.07.2018ж. 20:00
3827
Соңғы екі жылда Түркістан облысында 93 адам құлдықтан құтқарылған

Елде 75 мыңнан астам адам құлдыққа жегілген. Осылайша, Қазақстан адам саудасы антирейтингісінде 83-ші орынға тұрақтаған. Бұл Walk Free үкіметтік емес ұйымының зерттеуінде көрсетілген. Бір ғана Түркістан облысында биыл құлдық қамытына түскен 600-ден аса адам көмек сұраған. Айзада Төребекқызы құлдықтан аман құтылғандармен тілдесіп қайтты.

Айгүл төрт ай бойы құлдықта болғанын айтады. Ол бір кезде қалаға шалғай ауылдан жұмыс іздеп келген. Наурызда дәмханалардың біріне даяшы болып орналасқан. Тәп-тәуір жалақы, жатын орынымен қоса ұсынған қожайын бір аптадан соң көрмегенді көрсетті, дейді ол.

Айгүл:

Бір-ақ мезгіл тамақ берді. Ол да әркімнен қалған, сондай тамақтар берді. Документ алғаннан кейін олар бізге, ойына не келді, соны істей бастады. Кәдімгі құл, адамды құлдықта ұстағандай ұстады. Даже бізді магазинге де шығарған жоқ. Телефонымыздың бәрін алып қойды. Саунаға жіберді, одан кейін гостиницаларға жіберді. «Жұмыс жасайсың. Мен саған ақшаңды берем» деп, тіпті ұрып, қолдарына не түседі сонымен ұрып, шаштан тартып, өздерінің қалаған нәрселерін істеді.

Айгүл қайырымды адамдардың арқасында түнделетіп қашып шыққан. Қазір оның құжаттары әзірленіп жатыр. Ал Геннадий Петровты еріктілер қаңтар айында қала сыртында жатқан жерінен тауып алған. 25 жыл бұрын Қазақстанға Ресейден күнкөріс қамымен келген ол ширек ғасыр бойы біреудің малын тегін баққан. 68 жастағы қарт өзінің қай ауылда, кімнің қолында құл болғанын да білмейді. Осы уақыт аралығында туыстарына амандығын да білдіре алмай келген.

Если вас сейчас смотрела бы ваша семья, что бы вы им сказали? Что бы вы им передали? - Большой, огромный, огромный привет.

Лилия Халиулина, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің заңгері:

Оған медициналық көмек мүлдем көрсетілмеген. Қашып кетуге де мүмкіндігі болмаған. Өйткені ол бөтен елде, бөтен жерде. Оның үстіне құжаты да жоқ. Геннадийдің халі нашарлағасын, қожайыны оны керексіз мысық секілді жол жиегіне тастап кете салған. 

Шымкенттегі «Сана сезім» құқықтық орталығына 2017 жылы 299 адам көмек сұрап жүгінсе, биылғы жарты жылда 630 адам хабарласқан. Соңғы екі жылда 93 жанға нақты көмек көрсетіліпті.

Раушан Худайшукурова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері:

Жұмыс берушілер көп жағдайда жалданушының іздеуші-сұраушысы жоқтығынын пайдаланады. Құжатын алып қояды. Құқығын қорғай алмайтынын білгесін тегін жұмысқа жегеді. 2017 жылы біздің бірлестіктің араласуымен адам саудасы, құлдыққа қатысты арыз бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. 

Шетелдік сарапшылар адам саудасы бойынша 167 елдің ресми көрсеткішін жасаған. Оған сүйенсек, әлемде құлдықтың қамытын киген 40 миллионнан асатын адам бар. Оған балалар еңбегі, сексуалдық тұрғыда пайдалану, мәжбүрлі некеге тұру сынды жағдайлар да есепке алынған. Ал көшті Солтүстік Корея бастап тұр. Мұнда әрбір 10-шы адам құлдыққа тап болған. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкентегі құқықтық орталықтағылар қазір тағы 25 өзбекстандықты еліне қайтаруға әрекет жасап жатыр. Олар Алматыға жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің дерегінше, адам саудасының құрбаны болатындардың дені - Өзбекстан азаматтары. Бұдан бөлек қырғыз, ресейлік, тәжікстандықтар да бар екен. Мамандар шетел аспас бұрын әуелі баратын елінің еңбек нарығын жіті зерделеп алуға кеңес береді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ