$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда қаржы жымқырғандар жауапқа тарылуы мүмкін

AstanaTV
25.07.2018ж. 20:00
6070
Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда қаржы жымқырғандар жауапқа тарылуы мүмкін

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында қаржы дауы. Оқу орнының Алматыдағы жатақханасын күрделі жөндеуден өткізген 60-қа жуық жұмысшы жаңа жылдан бері жалақы алмағандарын айтып шағымданды. Ал консерваторияның жаңа басшылығы бұған бұрынғы ректордың командасын айыптап отыр. Жақында олар бұл іс бойынша құзырлы органдарға арызданбақ. Ұлттық консерваторияның шалғайдан келіп оқитын студенттеріне арналған жатақхана былтыр қыркүйекте күрделі жөндеуге жабылған. «Меруертқұрылыс» компаниясы оқу орнымен 71 млн теңгеге келісімшарт жасасады. Жөндеу жұмыстарын 90 пайызға аяқтадық деген жұмысшылар енді еңбекақыларын ала алмай отырғандарын айтады.  Олардың есебінше, 7 айға оқу орны 28 млн теңге төлеуі тиіс. 

Балжан Байділдә, жұмысшы:

Бізде 8 жұмысшының 2 млн теңгеден артық ақшамыз қалып отыр мұнда. Бұл біздікі ғана, бірінші қабатта бес бригада болды. Олардікін құдай біледі қанша екенін.

Құрылысшылардың айтуынша, сол кездегі ректор Жәния Әубәкірова жатақханадағы күрделі жөндеуді өзі де бақылап отырған.

Қанатбек Ахметов, жұмысшы:

Өз басым ол кісінің объектіні шопырымен келіп көріп жүргенін де көрдім. Осында жолықтық, сұрады, жұмыстарың қалай деп. Бәрі жақсы дедік. Ол кісінің замы болды, Бота деген. Ол ұдайы жүретін тексеріп. Не істеп жатқанымызды бәрін көзімен көрді.

Марат Нұрлыбеков, «Меруертқұрылыс» компаниясының директоры:

Жұмысымыз басталғанда, 60 адаммен бастап едік. Сосын бір кезде срок аз қалды, жаңа жылға дейін тездету керек деп, аннан-мыннан 100 адамға дейін көмекке шақыртып, түнімен, күнімен істедік.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

600 студентке арналған консерватория жатақхаансы осы. Сыртынан қарағанда ғимараттың күрделі жөндеуден өткені көрініп тұр. Ал ішке ену мүмкін болмады. Жұмысшыларды көрген күзетшілер есікті жауып алды.

Өнер ордасының қазіргі басшылығы студенттер үйіндегі құрылыс жұмыстарының 50 пайызы ғана аяқталғанын айтты. Ал сатып алу процедураларында өрескел қателіктерге жол берілген. Сондықтан қаржыландыру тоқтатылған көрінеді. 

Жәнібек Көрпебаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерватория ректорының кеңесшісі:

Келісімшарт мемлекетік сатып алу порталында тіркелмеген. Біз соны анықтап, бір жақты келісімшартты бұздық. Белгіленген сомма мемлекеттен оларға бөлінген. Ал қаншалықты заңды екенін заң орындары анықтайды. Біздің мақсатымыз - осы фактілерді экономикалық қылмыстармен айналысатын органдарға беру.

Осы кезге дейін құрылысқа кеткен қаржыны қайтарып алу үшін консерватория сотқа да арызданбақшы. Қалай болғанда да, студенттер оқуға келгенше, жатақхана құрылысын аяқтау қажет. Сондықтан құрылыс компаниялары арасында жаңадан байқау жарияланған. Ал, еңбекақысыз қалған жұмысшылар болса, еңбек инспекциясы мен сотқа арызданбақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ