$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда Шығыс айналма жолында кілемшеге оралған баланың жағдайын дәрігерлер әлі де ауыр деп бағалады

AstanaTV
02.08.2018ж. 20:00
3016
Алматыда Шығыс айналма жолында кілемшеге оралған баланың жағдайын дәрігерлер әлі де ауыр деп бағалады

Алматыдағы Шығыс айналма жолында кілемшеге оралған баланың әкесі сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Ал бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр. «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының" мамандары науқас есін жиғанымен, сөйлей алмайтынын айтты. 4 жастағы Мұхаммед тамақты да өздігімен іше алмайды. Оған ауруханаға түскенде бір рет ота жасалған. Оны тағы бір операция күтіп тұр.

Дінмұхаммед Рузуддинов, «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» ММК бас дәрігердің міндетін атқарушы:

Қазіргі күнгі жағдайы әлі ауыр деп айтуымызға болады. Бас миының ісігіне байланысты "декомпенсированная трепанация" деген болады. Сол уақытта сүйекті алып тастағанбыз. Енді баланың жағдайы бір ай бола ма, үш ай бола ма, жарты жыл бола ма, содан кейін баланың жағдайы дұрысталса, сол сүйекті орнына қойып береміз.

Оқиға 16 шілде таңғы сағат 11-ге таман болған еді. Жолдың тасасында әлсіреп жатқан баланы адамдар тауып, телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан болатын. Бұған дейін бүлдіршінді көлік қағып кеткен болуы мүмкін деген жорамал айтылып, тергеу сол бағытта жүргізіліп келген. Бірақ ІІД мамандары бүлдіршінді көлік қақпағанын, оны өз әкесі таспен ұрғанын мәлімдеді. Енді жалған ақпарат таратқан адамдарға қатысты өз алдына тексеру жасалмақ.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Сезікті болып танылған азаматша жалған ақпаратты беру дерегі бойынша қазіргі таңда оның іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Негізі заң бойынша жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сұрақ-жауап алу процедурасының алдында қылмыстық іске қатысушылардың барлығы қатаң түрде ескертіледі осы жайында.